МӘМС-тің пайдасын көргендер

Айбатыр Жумагулов посетил Сарыагашский район
27  419 қаралу саны

Енді ауыл тұрғындары да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет ала алатын болды. Іске қосылғанына бір ай ғана болған жаңа жүйенің алғашқы нәтижесі айтарлықтай. Бұған Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылдық округіне қарасты «Көктөбе» емханасына барған бір топ журналист куә болды. Іргетасы енді ғана қаланған ауылдық емхана жиырма мыңға жуық тұрғынға медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуде.

Емхананың қуаттылығы күніне 120 орынға арналған. Бірқатар бейінді мамандар да бар. Тіпті, ультрадыбыстық зерттеу мен диагностикалық тексеруді де жергілікті медициналық ұйымда өтуге болады.

Ал бұрын-соңды тұрғындар кез келген анализ бен медициналық тексеру үшін аудан орталығына ағылатын. Олар жаңа сақтандыру жүйесіне дән риза. Айтуыларынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен бері дәрі-дәрмек те уақытында беріліп тұрады екен.

Ал ауруы асқынып немесе күрделі операция қажет болған жағдайда – емделушілер Сарыағаш ауданындағы ауруханаға жіберіледі. Бүгінде 200 мыңға жуық тұрғын тіркелген аудан орталығындағы емхананың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Жіберіп алмаңыз:

Title

МӘМС жүйесі жайлы диалог

Мұны тілшілермен бірге «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та көріп шықты. МӘМС аясында оңалтудың үшінші деңгейі іске қосылғаны белгілі. Яғни, барлық жергілікті емханаларда тұрғындар күрделі операциялар мен ауыр дерттен кейін денсаулықтарын қалыпқа келтіре алады.

АЙБАТЫР НЫШАНБАЙҰЛЫНЫҢ айтуынша, биылғы жылы оңалтуға бөлінген қаражат айтарлықтай көбейген. Соның ішінде ауыл медицинасы ерекше назарда. Ал мына Сарыағаштағы орталық ауруханаға бөлінген қаражат көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 60 пайызға артық.

Айбатыр Жумагулов посетил Сарыагашский район
Айбатыр Жумагулов 

Қазіргі таңда Түркістан облысында 2 миллион адам МӘМС қатысушылары атанған. Оның ішінде 1 миллион 300 мыңы 15 жеңілдігі бар санатқа кіреді, сондықтан бұл азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

 Медициналық мекеме жұмысымен толықтай танысып шыққан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Басқарма төрағасы оңалту бөліміне әдейі бас сұғып, емделушілермен тілдесті. Мұндағы мақсат – пациенттердің шағымдары мен ықыластарын тыңдау еді. Жоспар бойынша оңалтудан өтіп жатқан емделушілер емхана қабырғасында көрсетіліп жатқан көмек пен ем-шаралар туралы пікірлерін ортаға салды.

Айтуларынша, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері медициналық қызмет көрсету сапасы күрт өзгерген екен. Емхана қабырғасында оңалтудан өтіп жатқан пациенттердің бірі – ЖАРҚЫНБЕК МҰСАҒАЛИҰЛЫ.

Айбатыр Жумагулов посетил Сарыагашский район
Жарқынбек Мұсағалиұлы

Өткен жылдың күзінде портал арқылы тегін операция жасатқан ол 10 жыл бұрын буын ауруына шалдыққан. Ауруым жаныма батқан соң тәуіп-балгерлерді аралап, жаныма шипа іздедім дейді Сарыағаш тұрғыны. Ол тіпті болмаған соң көршілес елдерге барып емделген. Емхананы толық аралап шыққан біз ақ халаттылардан арқасында екі аяғын басып кеткен азаматты сөзге тарттық.

Жарқынбек аға, сәлеметсіз бе?! Денсаулығыңыз қалай?

Ой, деннің саулығы маған 10 жыл бойы арман болды ғой. Жастайымызда спортқа әуес болдық. Тіпті, бокстан Қазақстанның қола жүлдегері атанғанмын. Сол кезде жаттығудан шыға сала мұздай суды үстімізге құйып жібереміз, жеңіл-желпі киіне салып, әйтеуір денсаулық дегенді аса ойлап бас қатырмайтын едік…

Дертіңізге себеп сол жастықтың буы дейсіз ғой?

Енді ауру айтып келмейді ғой. Алланың басқа салған сынағы болар. Осыдан 10 жыл бұрын елуге таяған шағымда буын ауруына шалдығып, сол аяғым қақсайтын болды. Тура мағынасында күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Ондағы ауруым – артрит болып шықты.

Содан бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Өзім укол дегеннен қатты қорқамын, одан қазақстандық медицинаға аса сенбейтінім бар болатын. Сондықтан дәрігерлерден қашқақтадым. Не керек, сөйтіп жүріп уақыт өткізіп алыппын.

Қазіргі жүзіңізге қарасам дертіңіз жаныңызға батқан адамға ұқсамайсыз. Өзіңізді емдеп жатқан дәрігерлермен шат-шадыман күліп-ойнап отырсыз. Операция сәтті өткенін білеміз. Күрделі операция жасауға кім себепкер болды?

Иә, тәубе, операциядан кейін көзім ашылды. Қайта өмірге келген баладай күйдемін (күліп). Өткен жылдың тамыз айында оң аяғымның буындары шыдатпай ауырды. Содан жаным қысылған соң Сарыағаштағы орталық ауруханаға келдім. Сөйтіп, дәрігер төртінші дәрежедегі артроз деген диагноз қойды.

Енді қайтемін деп отырғанда бас дәрігер Бақыт Мирзалиев пен оның орынбасары Бауыржан Оспанов екеуі тегін операция жасап, протездеуге болатынын айтты. Мұның бәрі тегін – мемлекет есебінен төленетінін де түсіндірді.

Содан порталға кезекке қойды да, қазан айында Шымкентке операция жасатуға аттандым. 3 сағаттық күрделі операция кезінде оң аяғымның тізе тұсына титаннан жасалған протез салынды. Екі ай гиспте жүрдім.

Фото Жарқынбек Мұсағалиұлы
Жарқынбек Мұсағалиұлы

Енді, міне, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін оңалтудан өтіп жатырмын. Гипсті шешкен соң аяғымды баса алмай қалдым. Алғашында ходунокпен жүрдім. Кейін ақырын-ақырын дәрігердің нұсқаулығымен жаттығулар жасадым, енді оңалтудың арқасында қазір шауып жүрмін десем артық айтқандығым болмас.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы хабарыңыз бар ғой. Жалпы бұл жаңашылдық туралы пікіріңіз қандай?

 Әрине, хабарым бар. Өзім осы сақтандырудың арқасында аяғымды басып кетіп отырмын ғой. Жалпы мен Елбасыға алғыс айтамын. Халықтың қамын ойлап, медицина саласына мемлекет тарапынан қаражат бөліп, талай адамның сауығып кетуіне жағдай жасап отыр.

Фото для сайта Qoldasy.kz: Жарқынбек Мұсағалиұлы
МӘМС-тің пайдасын көргендер

Адам түрлі ауруға шалдығады. Емделуге бәрінің қаражаты жете бермейді. Бірінде – ақша бар, ал бірінде – жоқ дегендей. Сондықтан мемлекет жаны қысылғандарға демеу боп, тегін операция жасап, емделуге мүмкіндік беріп отыр.

Мына медициналық сақтандыру енгізілгеннен бері емхананың іші өзгеріп кетіпті. Осында жатқаннан бері бақылап, қарап жүрмін. Кәдімгідей жаңарған. Бұрын болмаған талап қойылып отыр қазір. Әрине, қаражат бөлінген соң әр нәрсе жаңармай тұра ма?

Өзгеріс бар, оны айту керек. Тіпті, дәрігерлердің көзқарасы мен қабылдауы да жаңа деңгейде. Емделу, емдеу өз алдына, ал адамды жылы жүзбен қарсы алып, шығарып салу, әр ем-дом кезінде жақсы ілтипат пен қарым-қатынас та жанға шипа емес пе?!

Аға, күніне неше сағаттан жаттығасыз?

Күнде алатын уколым бар, сосын осы оңалту бөлмесіне келіп 1-2 сағаттай жаттығамын. Мына велосипед тәріздес тренажерге отырып аяғымды бүгіп тебемін. Алғаш отырғанда аяғым бүгілген  кезде ауыратын, қазір қойды.

Сосын 10-15 минуттай мына массажерде аяғымды уқалап аламын (күліп). Кейін жеке дәрігерім белімнен байлап үшінші тренажерге мінгізеді.

Жарқынбек Мұсағалиұлы
Жарқынбек Мұсағалиұлы

Пайдасы керемет енді. «Тәні саудың – жаны сау» дейді ғой. Бір жерің ауырса, ештеңеге зауқың да соқпайды. Мен де буындарым қақсағанда ең басты байлықтың – денсаулық екенін, бұл өмірде одан басқа ештеңенің керек емес екенін түсіндім. Бір арманым аяғымның қақсағаны қойса екен дейтінмін.

Айбатыр Жумагулов посетил Сарыагашский район
Жарқынбек Мұсағалиұлы

Енді, міне, көптің көмегімен дертімді жеңдім. Ендігі мақсат – өзімді күтіп, ақ халаттылардың айтқанын істеу. Ал мемлекет халық саулығы үшін қолдан келгенді жасап отыр. Мен осы операциядан кейін қайта өмірге келген нәрестедей сезіндім өзімді. Ел қатарлы қызмет істеп, мен де мемлекетімізге өз пайдамды тигізсем деймін. Әбден аяғыма нықтап тұрған соң жұмысыма қайта ораламын. Осы күнге жеткізген дәрігерлерге алғысым шексіз. Бір ауыз өтірігім жоқ. Шын көңіліммен айтып отырмын, балам…

Рақмет, аға! Әрине, шын сөзіңіз екені жүзіңізден-ақ байқалып тұр. Деніңіз сау болсын! Аман-есен жүре беріңіз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған