Жалдамалы баспанаға берілетін субсидия: Талаптары қандай, кімдер алады

42 қаралу саны

2021 жылдан бастап жалдамалы баспаналарды субсидиялау механизмі іске қосылады. Бұл бастаманы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолауында көтерген болатын. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әлемнің дамыған елдерінде жалға берілетін баспана нарығы айтарлықтай дамыған және жалпы тұрғын үй қорының 30%-ын құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 1,7% шамасында.

Сондықтан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жалдамалы баспаналарды субсидиялау тұрғындар үшін тиімді болмақ. Оған қоса, еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 530 мыңға жуық азамат бар. Аталған механизм тұрғындар өз баспанасына ие болғанша, жалдап тұрып жатқан пәтер құнының бір бөлігін өтеп беруді көздейді.

«Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек. Қазір әкімдіктер оларға арнап жалға берілетін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюджеттік және сатып алу рәсімдеріне байланысты бұған ұзақ уақыт кетеді. Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзінде-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отбасына нақты көмек көрсетіледі» деп атап өткен болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Аталған бағыттағы жұмыстар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылып жатқан «Отбасы банкіне» тапсырылып, банк басшылығы тікелей жауапты болып бекітілді.

«Субсидия ұсынатын «Отбасы банк» азаматтарды бірнеше критерийлер бойынша анықтайды. Аталған қолдау шарасын алу үшін отбасы мүшелерінің ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі (32 668 теңге) табысы болуы қажет. Сондай-ақ, жалға берілетін тұрғын үйдің орташа ауданы 60 шаршы метрді (40-тан 80 шаршы метрге дейін) құрайды. Осыған сәйкес еліміздің әр аймағында 1 шаршы метрді жалға алу құны анықталады. Субсидия алу талаптарына сай келген азаматттар мұқтаждық мәртебесін растаған жағдайда жалға алу мерзімі 5 жылға дейін ұзартылады» деп мәлімдеді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда субсидиялау механизімі мемлекеттік органдармен пысықталуда. Нақты ережелер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен анықталып, жыл соңына дейін Үкімет қаулысымен бекітілетін болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған