Жалбыздан дәрі жасаңыз

43 қаралу саны

Ащы жалбыз бен жаужапырақ ел ішіне өте кең таралған және жұртшылыққа жақсы таныс емдік шөптердің қатарына жатады. Олар күй талғамайды, тіпті гүл өсіретін горшокқа отырғызсаңыз да өсе береді.

Медицинада жалбыз суықтан пайда болған ауруларда антисептикалық, ал невралгиялық дерттерде ауруды басушы ретінде қолданылады. Оны асқазан мен бауыр ауруларында да қолдануға болады. Жасы ұлғайған адамдар жаужапырақтың (мелисса) ми тамырларының тығындалуын ашатынын, қан тамырларды тазартатынын және мазасыз күй мен қорқыныш кезінде жақсы көмектесетінін білгені жөн.

Валидол, корвалол, валокордин препараттарының құрамына жалбыз қосылатынынан көпшіліктің хабары бар. Өйткені жалбыз тамырлардың түйілуін болдырмайды. Оның көмегімен асқазандағы, бауыр мен бүйректегі шаншуды басуға болады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Жүректің айнуы мен құсуды, тіпті теңіз ауруының да бетін қайтаруға мүмкіндік бар. Жалбыздың жасыл жапырақтарын кенеп шүберектің арасына салып күйген жер мен домбығып іскен, іріңді жаралардың бетіне басса, жақсы көмектеседі.

Жоғарыда аталған сырқаттардан арылуға көмектесетін жалбыз бен жаужапырақ қайнатпасын былайша әзірлеуге болады: ұсақталып туралған шөптердің 1 ас қасығына 1 стакан қайнаған су құйып, термоста 1 сағатқа қою керек. Содан соң оны сүзіп, 1 ас қасықтан күніне 5-6 рет ішесіз. (Көп құсып жатқан болсаңыз күніне 3 рет 1/3 стаканнан ішуге болады).

Жалбыз қайнатпасы егде жастағы әйелдерге климакс кезеңін жеңіл өткеруге көмектеседі. Ал аяғы ауыр келіншектер токсикоз кезіндегі құсуды болдырмас үшін мынадай жиынтық әзірлеп алса жақсы:

Жаужапырақ, түймедақ, ащы жалбыздың әрқайсысының 3 бөлшегін ұсақтап турап, араластырасыз. Осы жиынтықтың 1 ас қасығына 1 стакан қайнаған су құйып, термоста тұндырып, шай ретінде ішеді.

Кавказда жаз айларында жалбыз тұнбасын немесе сығындысын (экстракт) дайындап алады екен. Оны дайындау тәсілі мынадай: шыны банкаға толғанша жалбыз салып, үстінен толғанша арақ құяды да бір аптаға күннің астына қояды. Бір аптадан соң жалбызды сығып, тастайды да, тұнбаға жаңадан жалбыз салып, тағы да күн көзіне қояды. Осылайша 7-10 рет ауыстыру керек. Сығындының 10-15 тамшысына 1/4 стакан су араластырып қабылдаса, асқазан ауруынан, бүйрек пен бауырдағы шаншудан арылуға болады. Тіпті бұл сығынды асқазанның ойық жарасын да жақсы емдейді екен.

Ал мына қайнатпаны дайындап ішсеңіз, ұйқы безінің жұмысын жақсартады. 400 грамм ащы жалбыз, 100 грамм шайқурай, 100 грамм репешок, бұл шөптерге тағы да 150 грамм құрғақ шай қосып жіберсеңіз, зәрді жақсы айдайды. Осы шөптер жиынтығының 1 ас қасығына 1 стакан қайнаған су құйып, термосқа құйып, түнге қою керек.

Күнделікті ішіп жүрген шайыңызға (100 грамм) 2 шай қасық құрғақ, ұсақталған жалбыз, құлмақ (хмель) бүршігі, жалбызтікен тамыры, киікоты, тау жалбызы, валерьян тамырын қосар болсаңыз, жақсы тыныштандырғыш қасиетке ие болады.

Дереккөз: «Ауырмаңыз!» газеті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған