Жаңа туылған нәрестені қалай киіндіру керек?

133 қаралу саны

Алғашқы екі айда нәрестенің киімдеріне: жейделер, жөргектер, бас киімдер, шұлықтар жатады. Күнделікті баланы жөргектеуге кем дегенде оншақты жаялық пен сонша памперс қажет. Жылы мезгілде жұқа жаялықтың оншақтысы, суық мезгілдерде де сонша жаялық дайындау керек. Памперстерді сәбидің салмағына сәйкес таңдайды.

Тәулігіне бала жейдесінің (жұқа және қалыңын) үш-төрт түрін дайындау керек. Нәрестелерді 10-14 апталығына дейін жаялыққа қолын кеудесіне қойып, бостау құндақтау қажет. Қазіргі кезде баланы еркін құндақтаған дұрыс саналады.

Балаға алдымен жұқа, сыртынан қалыңдау жейде, содан соң памперс кигізіліп, кеудесінен төмен еркін жөргектеледі.

Жөргектеу тәсілі: қалың жұмсақ жаялықты бірінші жаяды, сосын жұқа клеенка, үстіне екінші жұқалау жаялықты үшбұрыштап жаяды, соңғысын памперстің орнына қолданады.

Ұшбұрышты жаялықты баланың шабындағы бұрышын көтеріп кіндігіне дейін созып, қалған жамбас тұсындағы екі бұрышын алғашқы бұрыш үстіне  айқастырып, аздап созып, баланың екі қапталығындағы жамбас тұсына бекітеді. Содан кейін оны жұқа үлкен жаялықпен, сосын қалың жаялықпен орайды.

Баланың қолдарын еркін қалдыру қажет, бірақ саусақтары тез тоңазитын болғандықтан жейделерінің жеңдері ұзындау болғаны немесе жабық  түрін кигізген жөн.

Ұйқыға жатқызғанда үстіне жеңілдеу көрпе жабу керек, қатты тығыздап жаппаған жөн. Бұл бала оянғанда еркін қимылдауы үшін қажет.

Нәрестенің басын  күндіз ашық қалдыруға болады, бірақ үйдің, оның бөлмесінің температурасына да назар аудару керек. Егер +24 градустан төмен болса, жұқа бас киім кигізуге болады. Негізінен басы тез терлейтін, бас терісі қызарған, шашында қайызғақтары бар нәрестенің басына күндіз бас киім кигізбеген абзал.

Екі айға толған балаларға колготкі, ползунки, мақтадан, жүннен тоқылған костюмдер кигізуге болады. Ол балаларға еркін қимылдауға мүмкіндік береді. Егер бала жатқан бөлме суықтау болса, аяғына аяқкиім, жұқалау етік кигізген абзал.

Сегіз-тоғыз айлығында баланың отырып-тұруы еркін және жылы болу үшін өзіне ыңғайлы костюм, аяқтарына аяқкиім кигізу ләзім.

Дереккөз: «Денсаулық» журналы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған