Жүктіліктің жеңіл өтуі үшін не істеу қажет?

183 қаралу саны

Жүктілікке дайындық – баланың сау болып тууына бағытталған, әйел өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бала көтеруге қаншалықты ерте дайындалсаңыз, тоғыз айдың соншалықты жеңіл өтіп, қиналмай босану мүмкіндігіңіз соншалықты жоғары.

Балалы болуды армандап жүрген ерлі-зайыптылар бұл жоспарды жүзеге асыруға алдын ала дайындалғаны дұрыс. Бұл бағыттағы жоспар бірнеше тармақтан тұрады.

Бас тартуды талап ететін зиянды әдеттер    

Темекі түтіні және спирттік ішімдіктер жүктілік ағымын ауырлатып, ұрықта генетикалық патологиялар мен кемістіктер тудыруы мүмкін.

Егер бала көтергіңіз келсе, түнде теледидар алдында немесе гаджетпен отырмаңыз, уақытылы ұйықтаңыз. Ұйқыға тәулігіне кемінде 7-8 сағат бөлген дұрыс. 

Шамадан артық дене қозғалысынан да бас тартуға тура келеді. Денсаулыққа зияны жоқ орта дәрежелі дене жүктемесі жеткілікті.

Бүгінде өмірімізде жиі кездесетін стреске де мұқият болыңыз. Отбасындағы немесе жұмыстағы келеңсіздіктерден үнемі жүйкенің қозуы ұрық байлауға айтарлықтай кедергі келтіреді. Ер адамдарда стресс тестостеронның өндірілуін төмендетеді және шәуеттегі сперматозоидтар мөлшерін төмендетеді. Сондықтан егер жақын арада балалы болғыңыз келсе, ашуланшақтықтан арылыңыз, бәріне сабырмен қарауға тырысыңыз.

Дұрыс тамақтану  

Жүктілікке дайындық барысында күнделікті мәзірді қайта қарап, барынша дұрыс тамақтануға ұмтылу қажет. Қалбырланған, қуырылған тағамды, ащы, қақталған өнімдерді және фаст-фудты барынша сирек тұтыныңыз. Бүгінде консервант пен бояғыштары жоқ тағам табу қиын, десек де мүмкіндігінше табиғи ас жеуге тырысыңыз. Тамағыңызды алдын ала әзірлеп, жоспар құрыңыз. Ас мәзіріңізде көкөніс, жеміс, арық ет, балық, қышқыл сүт өнімдері жеткілікті болсын. Газдалған судан, кофеден бас тартыңыз, таза суды көбірек ішіңіз.

Дене салмағыңызды қалыпқа келтіруге тырысыңыз. Жүктілікке дене салмағының жеткіліксіздігі де, шамадан артықтығы да кедергі болуы мүмкін. Егер дұрыс тамақтануды өз бетіңізше ретке келтіре алмасаңыз, диетологқа барыңыз.

Психологиялық дайындық 

Бұл тармақты ата-аналар маңызды деп санамайтындықтан, оған көп көңіл бөлмейді. Ал шынтуайтына келгенде, жүктілікке дайындық кезіндегі дұрыс психологиялық көңіл-күй өте маңызды. Егер балалы болуға ерлі-зайыптылар іштей дайындықпен келсе, шарана дұрыс дамып, асқынулар аз болады, босану да жеңіл өтеді.

Бала дүниеге келгенге дейін болашақ ата-ана бір-бірімен келісіп үйренуі тиіс. Күнделікті тіршілікті реттеу үшін ортақ ережелер құрып, бір-бірін үнемі қолдап отыруы керек.

Жүктілікке дайындық кезіндегі кешенді тексеру   

Бала көтермес бұрын болашақ ата-ана жан-жақты тексеруден өтуі тиіс. Осы зерттеулер қорытындысы бойынша олар өз денсаулықтары туралы толық ақпарат алады. Ең бастысы, әртүрлі бейіндегі мамандары бар сенімді клиника табу керек. Жүктілікке дайындалу үшін әйелге гинеколог, еркекке уролог қана қажет деу дұрыс емес. Зерттеу толық болуы тиіс, демек терапевтің, кардиологтың, эндокринологтың, генетиктің және көптеген басқа мамандардың кеңесі қажет.          

Жүктілікке даярлану кезінде қан мен несептің жалпы талдауын, қанның биохимиялық және иммунологиялық талдауын, ЖИТС-ке, гепатиттерге, қызамыққа, токсоплазмаға, цитомегаловирусқа талдау жасату, қалқанша без қызметін тексерту керек. Сондай-ақ флораға гинекологиялық жұғынды алу, цитологиялық зерттеулер жасау, жыныстық жолмен жұғатын сырқаттарға тексерілу қажет. Бұған қоса, егер болашақ анада қандай да бір созылмалы сырқаттар болса, УДЗ, компьютерлік томография, бейінді дәрілерлердің кеңестері қажет. Тіс дәрігеріне барып, ауыз қуысын санациялауды да ұмытпаңыз. Бір қарағанда зиянсыз көрінетін тісжегі жүкті әйелге көп қиындық әкелуі мүмкін.

Бұрын-соңды етеккірі тұрақты келмеген, жатыр миомасы, жыныстық жолмен тарайтын аурулары, жатыр мойны патологиялары бар, түсік тастаған және мерзімінен ерте босанған әйелдер жүктілікке ерекше мұқият дайындалуы тиіс.

Ер адамды дайындау бағдарламасына уролог дәрігердің кеңесі, спермограмма, жыныстық жолмен жұғатын ауруларға талдау жасату кіреді. Егер болашақ ата-ананың отбасында тұқым қуалайтын аурулар болса, міндетті түрде генетик дәрігердің кеңесін алу керек.

Дереккөз: «Денсаулық»  журналы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған