Зейнетақы жинағын кім және қай мөлшерде мерзімінен бұрын ала алады?

51 қаралу саны

2021 жылы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін 721 мың азамат алу мүмкіндігіне ие. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысын мерзімінен бұрын пайдалану үшін қажетті ең төменгі қаражат мөлшерін атады. Оның айтуынша, тұрақты түрде жұмыс істеп, орташа жалақы мөлшерінде табыс табатын азаматтар зейнетақы қорындағы жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан болса, оның бір бөлігін пайдалануға ала алады (жеткілікті мөлшер шегі дегеніміз – зейнетақы шотындағы ең төменгі зейнетақы көлемінен кем емес, өмір бойы төленетін жинақ). Салымшылар жеткілікті сомадан артық қаражатты өзінің тұрғын үй мәселелерін шешуге, емделуге жұмсай алады не жарналарын инвестициялау үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару компанияларына аудара алады.

Жеткілікті мөлшер шегі қалай есептеледі?

Министрдің сөзінше, бұл – азамат зейнет жасына дейін жарналарды тұрақты түрде кемінде ең төменгі жалақы мөлшерінде аударып отырған жағдайда, зейнетке шыққаннан кейін 82 жасқа дейін кемінде ең төменгі зейнетақы мөлшерін алуға мүмкіндік беретін сома.

 

Жеткілікті мөлшер шегінің негізгі сипаттамасы:

  • ерлер мен әйелдерге көрсеткіш бірдей белгіленген;
  • жеткілікті мөлшер шегі жыл сайын есептеліп отырады (кіріс көлемі, инфляция деңгейі және ең төменгі төлем мөлшеріне қарай);
  • жеткілікті мөлшер шегі әр жасқа бөлек белгіленеді (20 жастан бастап).

Алдын-ала болжам бойынша, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану үшін:

  • 30 жастағы азаматтың шотында – 2 518 000 теңге
  • 35 жастағы азаматтың шотында – 2 961 000 теңге
  • 40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 000 теңге
  • 45 жастағы азаматтың шотында – 3 947 000 теңге
  • 50 жастағы азаматтың шотында – 4 495 000 теңге
  • 55 жастағы азаматтың шотында – 5 084 000 теңге
  • 59 жастағы азаматтың шотында – 5 586 000 теңге болуы тиіс.

Сондай-ақ, аталған азаматтар жинақтан алған қаражатты өзі, жұбайы және жақын туыстарына баспана алуға не ем-домға жұмсауға пайдалана алады. Заңнама бойынша, жақын туыстар қатарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері және бауырлары жатады. Министрлік отбасын мүшелерінің қаражатын мақсатты түрде пайдалану үшін біріктіру мүмкіндігін де қарастырмақшы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған