Талаптарды орындау арқылы тұмау мен коронавирусты тежеуге болады

61 қаралу саны

Күзде тыныс жолдарының жедел респираторлық вирустық ауруларының көбейетіні белгілі. Яғни, ЖРВИ-дің таралуы салдарынан коронавирус бойынша ахуал қиындауы мүмкін деген пікірлер айтылуда. Осы орайда денсаулық сақтау саласында алдын алу шаралары атқарылуда. Дегенмен, ахуалды ушықтырмауы үшін әр адам өз үлесін қосуы керек, өзінің әрі жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қараған жөн. Бұл тұрғыда Астана медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті, PhD докторы Баян Турдалинаның кеңесін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік:

Атап айтқанда, бұған дейін елімізде карантин шараларын енгізілуі, оқшаулану шаралары ең маңызды қадамдардың бірі болды. Сондықтан біріншіден, мүмкіндігінше отбасылық мерекелер, той-томалақтарды шектеген дұрыс. Бұл шара арқылы біз егде тартқан адамдардың, қауіп тобындағы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаймыз.

Екіншіден, жеке гигиеналық талаптарды қатаң сақтау қажет. Бұл кез келген инфекциялық аурудың алдын алу жолы саналады. Жеке гигиеналық талаптар әр азаматтың өмір сүру салтының бір бөлігіне айналғаны анық. Соны одан ары қарай ұстана беруіміз қажет. Қолды кемінде 20 секунд сабынмен жуу, көп адам шоғырланған жерде маска тағу, антибактериалды ерітінділермен қолды жиі өңдеп отыру, сондай-ақ түшкіру, жөтелу кезінде респираторлы этикет қағидаларын сақтау керек.

Үшіншіден, иммунитетті жоғарылатуға арналған шараларды ұстану, күндізгі және түнгі ұйқының балансын сақтау, дәрумендерге байытылған дұрыс тамақтану рационын сақтау, стрестік жағдайлардың мейлінше алдын алу, спортпен шұғылдану және барынша позитивті көңіл-күйді сақтауға талпыну керек.

Төртіншіден, егер сізде артериалды гипертония, қант диабеті, семіздік, созылмалы жүрек, өкпе ақаулары сынды қосалқы дерттер бар болса, онда сол ауру бойынша емдеуші дәрігер жазып берген негізгі ем жоспарын тоқтатпай, созылмалы ауруыңызды өршітіп алмауларыңыз қажет. Ал егер COVID-19 індетіне шалдығып, ауруханаға жататын болсаңыз, қосалқы аурудан қабылдап жүрген дәрі-дәрмектеріңізді өзіңізбен алып жүргеніңіз жөн. Себебі, COVID-19 індетінің асқынуына қосалқы ауруларыңыз да себеп болып қалуы мүмкін.

Балаларда COVID-19 көбінесе жеңіл формада өтеді. Алайда, cоңғы уақыттағы шетелдік мамандар пайымына қарағанда, COVID-19 ауруының өршу кезеңін басынан өткерген елдерде уақыт өте келе балалар арасында көбінесе ауыр формада өтетін мультижүйелі қабыну синдромы (MIS-C) кездесіп жатыр. MIS-C жиілігі жайлы ақпарат әртүрлі.

Дегенмен, бұл балалардағы CОVID-19-дың сирек кездесетін асқынуы болып саналады. Статистикалық мәліметтерде 21 жасқа толмаған адамдарда SARS-CoV-2 зертханалық расталған инфекциясының болжамды жиілігі 100 000-ға шаққанда 322 жағдайды, ал MIS-C жиілігі 100 000-ға 2 жағдайды құрайды. MIS-C жұқтырған көптеген балада ауру белгілері толық немесе толық емес Кавасаки ауруының (KD) критерийлеріне сәйкес келеді.

Алайда, таралу ерекшелігі классикалық Кавасаки ауруынан өзгеше. MIS-C жағдайларының көпшілігі бұрын сау болған балаларда және жасөспірімдерде тіркелген. MIS-C эпидемиологиясы балалардағы жедел CОVID-19 эпидемиологиясынан да ерекшеленеді. Соңғысы әдетте 1 жасқа дейінгі балаларда және қосалқы аурулары бар балаларда өте ауыр өтеді. Мультижүйелі қабыну синдромы кезіндегі негізгі және барлық балаларда кездесетін клиникалық симптом – ұзақтығы орташа алғанда бес күнге дейін созылатын тұрақты қызба.

Сонымен қатар, асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілері (іштің ауыруы, құсу, диарея), бөртпе, конъюнктивит, шырышты қабықтың зақымдануы сынды симптомдар жиі кездеседі. Нейрокогнитивті белгілер (бас ауруы, тежелу, шатасу), тыныс алудың қиындау белгілері, тамақ ауруы, миалгия (бұлшықет ауруы), аяқ-қолдардың ісінуі, лимфаденопатия (лимфа түйіндерінің ұлғаюы) сынды белгілер сирек болса да кездесіп жатады.

Сондықтан өз балаларыңызда жоғарыда аталған белгілерді байқасаңыздар, міндетті түрде кәсіби мамандардың көмегіне жүгінулеріңізді сұраймыз. Дер кезінде ауруханаға жатқызу және медициналық көмек мультижүйелі қабыну синдромының асқынуларын алдын алып, балаларыңыздың сау болуын қамтамасыз етеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған