Табиғи дәрумендер

36 қаралу саны

Көкөністердің артықшылығы – олар тез сіңеді, әрі тәніміз зәру дәрумендерді жеткізеді.

Сәбіз. Бұл – адамдар төрт мың жылдан астам уақыт тұтынып келе жатқан ежелгі тамыр жеміс. Құрамындағы каротин адам ағзасына түскен соң А дәруменіне айналады. Бұл дәрумен көздің қалыпты көруі, тері мен шырышты қабаттардың жақсы ахуалы үшін қажет. Майды қоса тұтынса, каротин жақсы сіңіріледі.

Тәтті, нәзік және хош иісті сәбіз ешқашан жалықтырмайды. Ол адамға қаназдықтан, күштің сарқылуынан құтылуға көмектеседі; организмді нығайтып, оны түрлі жұқпалы аурулардан сақтайды; көздің нашарлауын емдейді. Сәбізден әзірленген тағамдар әлемнің көптеген елдерінде құрметке ие.

Сәбіз шырыны бет терісін әрлендіреді, бала емізіп жүрген әйелдердің сүті көбейеді, ол туберкулездің бастапқы сатыларында, бүйрекке тас байланғанда, жүрек-қан тамыр сырқаттары кезінде пайдалы.

Қырыққабат. Қырыққабаттың емдік қасиеттері ертеден белгілі. Онда С дәрумені мол – лимон мен апельсиндегі мөлшерден кем емес. Тұздалған қырыққабат сөлі сүт қышқылына бай, ол, бірқатар ғалымдардың пікірінше, қанты диабеті бар науқастар үшін пайдалы. Балғын ақбас қырыққабат шырыны асқазан мен ұлтабар ойық жарасына ем. Бұл шырынның бауыр мен тоқ ішек сырқаттарына да шипалы екендігі жөніндегі мәліметтер бар.

Қырыққабатты тұз байлану сырқаты, іш қату кезінде жеңіл іш жүргізетін және несеп айдайтын құрал ретінде тұтынады. Халық емінде қант қырыққабаттың қант қосылған жаңа шырыны қақырықты сұйылтып, тамақтың қарлығуын жояды, жөтелді жеңілдетеді деп есептеледі. Ол сондай-ақ микробтарға және қабынуға қарсы әсерге ие.

Қырыққабат сөлін көкбауыр сырқатында, сарғаю кезінде ішеді. Ал оған қырыққабат дәнін қосса, ұйқысыздықты емдейді. Бұл дәндердің өзі ішек құртына қарсы әсер етеді. Шырыны семіздік, қантты диабет кезінде пайдалы. Ол тәннен холестеринді шығарады, демек атеросклероздың алдын алады.

Бұрыш. Қызыл бұрыштың негізгі құндылығы – аскорбин қышқылының молдығында. Құрамындағы С дәруменінің мөлшері жөнінен ол көкөністер ішінде бірінші орында. Тәтті бұрышта организм үшін бағалы каротин (ол әсіресе қызыл тәтті бұрышта мол), А провитамині, В1, В2, РР дәрумендері бар. Бұрышта С дәрумені цитрустаран 6 есе көп. Біз білетіндей, көкөністерді жылумен өңдеген кезде ондағы пайдалы заттардың біршамасы жойылады. Сондықтан тәтті бұрышты шикілей жеген жөн. С дәрумені қалбырланған бұрышта да көп. Тәтті бұрыш қосылған ас жоғарғы тыныс алу ағзаларының ауруларын, мысалы бронхитті, ларингитті, жіті респираторлық ауруларды емдеуге сеп.

Қызанақ. Бұл көкөніс қан жасауға көмектеседі, өт жолдары мен ішек перистальтикасын ынталандырады, оларды сауықтырады, тәндегі артық сұйықтықты шығарады.

Көміртегі мен қуаты аз өнім ретінде ол қантты диабет пен семіздікке шалдыққан науқастардың күнделікті мәзіріне ұсынылады. Томат шырыны да көптеген пайдалы қасиеттерге ие. Дәрумен жетіспегенде қызанақтың өзі не шырыны аса пайдалы. Асқазанның ойық жарасы кезінде жаңа әзірленген томат шырынын ішкен жөн. Ол сондай-ақ жыныс бездерінің қызметін ынталандырады. Соңғы жылдары биохимик ғалымдар қызанақтың тағы да тамаша қасиеттерін ашты. Оның құрамында ликопин деген зат бар екен. Ликопин бета-каротиннен 3 есе белсенді көрінеді. Ол жоғары антиоксиданттық белсенділікке ие. Кейбір елдерде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар қызанақты көп тұтынатын адамдар қуық асты безі мен сүт безі обырына сирек шалдығады деген қорытындыға келді. Ликопин сонымен қатар қандағы холестериннің деңгейін 10-15 пайызға төмендете алады. Оның диабеттік ретинопатия кезінде көзге жағымды әсер ететіндігі туралы да мәліметтер бар.

Дереккөз: «Денсаулық» журналы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған