Скандинавиялық жүрістің пайдасы қандай?

49 қаралу саны

Скандинавиялық жүрістің пайдасы қандай? Спорттың бұл түрімен кімдер көбірек шұғылдануы керек? Бұл сұрақтар төңірегінде «Хабар 24» арнасындағы «Салауат салты» бағдарламасында спорт дәрігері Берік Сәттіқылышов айтып берді.

«Скандинавиялық жүріс тек денеге ғана емес, адамның жүйкесіне де жақсы әсер етеді. Спорттың бұл түріне қатысты бізде әлі дұрыс түсінік қалыптаса қойған жоқ. Себебі қоғамда бұл спорттың түрімен жасы келген кісілер айналысады деген түсінік бар. Алайда олай емес. Бұл жасөспірімдерден бастап ересектер де, жасы келген кісілер де – бәріне бірдей оң әсерін тигізетін спорт» деді спорт дәрігері Берік Сәттіқылышов.

Оның айтуынша, скандинавиялық жүріс спортына көп ақша шығындалмайды. Қалай жүру жайын маманнан біліп алсаңыз, кез келген уақытта шыныға беруге болады. Спорттың бұл түрінде жарақат алу көрсеткіші де төмен. Бірақ шынығуға шығар алдында денені қыздырып алған дұрыс. Себебі, скандинавиялық жүріс ең қауіпсіз спорт саналса да, кейбір адамдардың ағзасына кері әсерін тигізеуі мүмкін.

«Адамның дене қызуы көтеріліп тұрған жағдайда спортпен айналысуға болмайды. Тек скандинавиялық жүріс қана емес, кез келген спорт түрімен температура көтеріліп тұрған жағдайда шұғылданбау керек. Егер жүрек дерттері, инфекциялық аурулар бар болса, әрине спортпен айналысуға шектеу жасалады» деді ол.

Скандинавиялық жүріспен айналысқан адамның бойындағы бұлшық еттердің 90 пайызы шынығады. Ал буындары мен омыртқаға түсетін күш 30 пайызға төмендейді. Жүрек соғысы жиілеп, қан тамырлары жүйесіне жағымды әсер етеді. Калория жай жүрістен қарағанда 45 пайызға көп жұмсалады. Ағзаға түсетін оттегі мөлшері 30 пайызға көбейеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған