Сары аурудан сақтаныңыз!

169 қаралу саны

28 шілде – Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні. 2020 жылы күрес «Болашағымыз гепатиттен таза болу керек» ұранымен өтуде және аналар мен жаңа туған нәрестелер арасында В гепатитінің алдын алуға арналуда.

Вирустық гепатит – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы. Ол бауырдың зақымдануымен сипатталады, дегенмен әрқайсының бір-бірінен айтарлықтай ерекшеліктері бар. Барлық гепатиттердің ішінде А вирустық гепатиті жиі кездеседі.

Гепатиттің бұл түрімен тек адамдар ғана ауырады және вирус тек адамнан адамға ғана жұғуы мүмкін. Әсіресе, бұрын ауырмаған және А вирустық гепатитіне қарсы екпе салдырмаған адамдарға қауіп көбірек.

«Науқас адамнан вирус нәжіспен бірге шығады, вирус бөлшектері қолды жумай, тамақ жеп, су ішкенде адамның асқазан-ішек жолдарына ену арқылы жұғады. Науқастану үшін вирустың шағын бір бөлшегі де жеткілікті. Сондықтан жеке гигиена мен тамақтың таза болуына көңіл бөлген жөн. Әсіресе, қайнатылмаған теңіз өнімдері мен мұздатылған көкөністер мен жеміс-жидектер жеу кезінде абай болу керек» дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Манар Смағұл.

Сондай-ақ, А гепатитінің кез келген түрімен ауыратын науқас адам айналадағыларға ауру жұқтыруы мүмкін екенін есте ұстауы қажет. Бұл ретте, сырқат адамда аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін-ақ бірнеше күн бойы төңірегіндегі андарға қауіпті болуы мүмкін. Вирустық гепатиттің негізгі симптомы терінің сарғаюы болғанымен, аурудың симптомсыз өтетін кезі де болады. А гепатитінің инкубациялық кезеңі шамамен 30-50 күнді құрайды. Көбінесе балалар ауруға шалдығады, алайда олардың ауруы әдетте симптомсыз өтіп, тек 10 пайызында денесі сарғаяды. Егде жастағы адамдарда ауру ауыр түрде өтеді және олардың арасында қайтыс болатындардың үлесі басым.

Симптомдары – дене қызуының көтерілуі, әлсіздену, тәбеттің жоғалуы, диарея, жүрек айнуы, іштің айналасында қолайсыздықты сезіну, зәрдің қараюы және дененің сарғаюы (терінің және көздің ағының сарғаюы).

А вирустық гепатитімен ауыратын науқастардың көпшілігі толық жазылады да, оларда өмір бойына иммунитет қалыптасады. Алайда, бұл аурудың адам өлімімен аяқталатын ауыр фульминантты түрлері де кездесетінін естен шығармау керек. А гепатитінен кейін асқыну болмайды, ауру созылмалы түрге өтпейді.

Вирустық гепатиттен сақтанудың ең тиімді шарасы – профилактикалық екпе жасау арқылы иммундау. Соған орай, 2 жастан бастап балаларға екпе жасалады, иммундау курсы 6 ай сайын салынатын 2 екпеден тұрады.

Сондай-ақ, келесі қарапайым гигиена ережелерін сақтау қажет:

  • дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу;
  • су ішу үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
    көкөністер мен жемістерді мұқият жуу.

Мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларының бірі – елді мекендерді абаттандыру және ауыз суын тазартудың тиімді тәсілдерін қолдану болып табылады.

Дереккөз: ҚР ДСМ ҰҚДСО сайты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған