«Сарапшылар мен жұлдыздардың» жаңа форматы: бәрі вакцина туралы

46  301 қаралу саны

Бүгін, 16 маусымда Денсаулық сақтау кодексінің жобасына, сондай-ақ вакциналардың сапасын бақылау рәсіміне арналған онлайн-конференция болып өтті. Пікірталасқа тек дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар қоғам қайраткерлері мен танымал БАҚ өкілдері қатысады. Онлайн-конференция вице-министр Людмила Бюрабекованың модераторлымен Facebook-тағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің парақшасында өтті. «Қолдасу» сайтының оқырмандары үшін біз аталмыш шарада өз ойларын айтқан сарапшылар мен мамандардың, сондай-ақ ата-аналар мен жұлдыздардың пікірлерін ұсынып отырмыз.  

Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысып, өз пікірін білдірді. Министр екпе жасаудың өзектілігі оның сапасын заңнамалық деңгейде бекіту тұрғысынан маңызды болып тұрғанына тоқталды.

«Ең алдымен, осы отырған баршаңызды есен-аман көргеніме қуаныштымын. Біздің бүгінгі әңгімеміз де осы денсаулықтың өзекті мәселесіне тікелей қатысты болғандықтан, оны кезекті пікірталас алаңына шығарып отырмыз. Өздеріңізге мәлім, біздің министрлігіміз қоғамдағы ең өзекті, елдің ең қарама-қайшы пікірлері тоғысқан мәселелерді ортаға салып, осындай ой-талас алаңында талқылап, дұрыс тұжырымдар жинақтауды дәстүрге айналдырды. Бүгінгі тақырыбымыз: елді жаппай вакцинациялау мәселесі. Оның мән-мазмұнын білікті маман, сарабдал сарапшы ретінде сіздерден артық ешкім білмейді» деді Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияны ашқан Аида Балаева.

Осы орайда министр «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының алдын алу екпелерін салуға қатысты кейбір тармақтары қоғамның қызу талқысына түсіп, өзекті проблемаға айналғандығын баса айтты.

«Біз бұл тақырыпты тек қана өзекті болғаны үшін ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматқа аталған шаралардың заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін түсіндіру және жеткізу тұрғысында барынша маңыздылығына орай таңдап алғанымызды атап өткен орынды. Вакцинация маңыздылығын, әсіресе, қазіргі бүкіл әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде қайта бағалау барынша күрделі екендігі сөзсіз. Бұған қоса, вакцина әзірлеудің оң нәтижелерін тағытсыздана күтіп отырмыз» деді ол.

Оның атап өтуінше, вакцинацияға қарсы идеялар мен пікірлер де бар. Оларды де елемей кетуге болмайды. «Өйткені, көпшілігі вакцинацияның өзіне емес, оның сапасына қарсы. Дәл осы орайда жаңа кодекс аталған ерекшеліктердің бәрін ескеріп, жауапкершіліктің, оның ішінде сапасыз вакцинация үшін де нақты тетіктерін енгізеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл мәселеде барынша сындарлы саясат қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуына сіз бен біздің денсаулығымыз ғана емес, сонымен бірге балаларымыз бен немерелеріміздің де аман-есендігі байланысты. Шындап келгенде болашақ денсаулық кепілі де. Сондықтан да біз үшін түрлі пікірлерді және ең алдымен оған қатысты сарапшылардың пікірлерін есту маңызды. Бүгінгі біздің кездесуіміз қоғамдағы заң жобасына қатысты барлық негізгі мәселелерге лайықты жауап табатындығына сенімдімін» деді Аида Балаева.

Вакциналау инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі болып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті.

«Соңғы кездері вакцинация мәселесі әлеуметтік желілерде белсенді талқылаудан өтіп жатыр. Министрлік алаңында осы бағытта бірнеше мәрте онлайн талқылау өткізіп, екпе жасау маңыздылығын түсіндірдік. Бұл шараларға сарапшылар, Парламент депутаттары, дәрігерлер мен танымал журналистер қатысты. Бүгінгі талқылау барысында ата-аналарды толғандырған барлық сұрақтарға жауап береміз деп ойлаймын» деді Л. Бюрабекова.

Сонымен қатар ол статистикалық мәліметтерге тоқталды. «Вакциналау инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, екпе жасау жыл сайын 3 миллионнан астам адамның өмірін қорғайды» деді Людмила Бюрабекова.

Конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты «Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы» басқармасының төрағасы Арнұр Нұрбаев екпеге қатысты пікір білдірді.

«Вакцина өндірісі процесінің қалай жүргізілетіндігін, сонымен қатар вакцина құрамына не кіретіндігін білетіндіктен пікір білдіре кетейін. Ұзақ уақыттан бері адъювант, протеин, қант, формальдегид, сынап не үшін қолданылатындығын түсіндіруге тырысып келеміз. Вакцина әзірлеу үшін түрлі тұрақтандырғыштарды, инактивацияларды пайдалану қажеттігі туындайтын өте күрделі биологиялық тізбек қажет. Айталық формальдегид вирустарды, мысалы полиомиелитті инактивациялау үшін пайдаланылады» деді ол.

Оның атап өтуінше, вакцина құрамындағы формальдегид көлемі өте аз. Адамдар су ішкенде, азық-түлік тұтынғанда формальдегидті әлдеқайда көп алады. «Жан-жақты орталықтандырылған зерттеулер бар. Олар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Органикалық зерттеулер де өте көп өткізіледі. Ондаған мың түрлі зерттеулер вакцина өндірісі барысында түрлі заттарды пайдалану мүлдем қауіпсіз екендігін көрсетіп отыр» деді ол. Орталық басшысы қазақстандық зертханалардың еуропалық сапа стантартына толық сай келетіндігін де баса айтты.

Елордадағы М.Горький атындағы театрдың актрисасы Светлана Фортуна вакциналардың құрамы туралы ақпаратты қамтитын үкіметтік сайт құру ұсынысын жасады.

«Ана ретінде екпеден кейінгі асқыну жағдайларын зерттеуге көп уақыт жұмсаймыз. Осы орайда екпелердің құрамына қатысты алдын ала ақпараттандыру шаралары болуы тиіс. Себебі, біз бұл тақырыпты зерттеу мәселесімен көп айналысамыз» деді С. Фортуна.

«Бұл бағыттағы ұсыныстар аясында үкіметтік сайт құру керектігін алға тартамыз. Онда вакциналарға қатысты барлық түсініктемелер, болуы мүмкін асқыну жағдайлары, екпенің тиімділігіне байланысты зерттеулер қамтылған жөн» деді ол. Оның пайымынша, бұл шаралар екпелер жайында толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Вакцинация балаңызды ғана емес, бүкіл қоғамды қорғаушы. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің, Еуразиялық медициналық қауымдастықтың төрайымы Надежда Петухова осындай пікір білдірді.

«Қазіргі вакциналардың сапасы төмен емес. Себебі, олар тыңғылықты зерттеуден өткізіледі. Кейбір аналар дәрігерлердің пациентке, вакцинацияға түрлі көзқараспен қарайтындығын айып отырған шығар. Екпеге қарсы шығып жүрген дәрігерлердің де тобы пайда болыпты. Олар аутизм жайында, екпеден кейінгі асқынулар туралы пікір білдірді. Вакцинация сіздің балаңыздың ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның қорғаушысы екендігін айтқым келеді. Қазіргі уақытта коронавирус індетіне байланысты жағдайды көріп отырмыз. Егер біз қазіргі уақытта вакцинация маңызын жете түсіне алмасақ, онда вакцинация салынбаған, белгілі бір аурулардан қорғалмаған балалар көп болған сайын ұмытып кеткен инфекциялардың қайта шығу қаупі туындайды» деді ол.

Оның атап өтуінше, 2002 жылы Қазақстан полиомелиттен азат аймақ сертификатын алған. «Осындай маңызды нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Себебі, полиомелит – бұл бүкіл өмір бойы мүгедек болып қалуға жетелейтін ауру. 2002 жылдан бері бізде осынау күрделі ауру тіркелген жоқ. Вакцинация-кавиальды инфекциялармен байланысты көптеген ауру түрін жойдық»  деді Надежда Петухова.

2019 жылы екпеден бас тартудың 6003 оқиғасы тіркелді, бұл көрсеткіш бір пайыздан кем. Бұл туралы елордадағы №4 емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Виктория Виниченко мәлім етті.

«Соңғы жылдары барша әлемдегі сияқты Қазақстанда да екпелерге қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Атап айтқанда, вакциналау арқасында кейбір ауру түрлері толықтай жойылды десек те болады» деді В. Виниченко.

Оның пайымынша, вакцинаға қатысты қате немесе орынсыз пікірлер тарап жүр. «Қазақстанда екпеден бас тартатындар саны өте көп деген жалған мәлімет. 2019 жылы вакцинадан бас тартудың 6 003 фактісі тіркелді, бұл өз кезегінде 1 пайыздан кем, яғни 0,12 пайыз шамасында» деп нақтылады дәрігер.

Оның айтуынша, аталған мерзімде 4 841 334 балаға екпе жасалды, соның ішінде иммунизацидан кейін қолайсыз көріністер 143 балада (0,003) байқалды. «Фактіге сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда жарақаттан көз жұмған балалар саны 1 200 болса, ал вакцинадан – 0» деді Виктория Виниченко.

«Балалардың иммунитеті әлсіз емес, тек дамымаған. Егер екпе қойылса, бұл өз кезегінде бала иммунитетіне даму үшін ынталандыру жасалды дегенді білдіреді», – деді дәрігер Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияда. Оның сөзіне қарағанда, иммунизация жасалған балалар вакцина егілген ауруларға көбіне шалдықпайды немесе өте сирек ауырады және ол жеңіл формада өтеді. Иммундық жүйе үшін екпе қорғанысты іске қосатын механизм.

«Екпе түрлі аурулардың өршуіне алып келеді деген сынды әңгімелер өтірік. Мәселен, ағылшын дәрігері Уэйкфилдтің қызылша, паротитке қарсы аралас вакцина аутизмді тудырады деген шулы жарияланымын айтуға болады. Дәрігер өзінің бақылауында болған 170 баланың 12-сіндегі аутизмге тән мінез-құлық пен сөз сөйлеуіндегі кемшіліктердің себебі қызылша, паротитке қарсы аралас вакцина болған деген қорытынды шығарады. Дәл осы қадағалау барысы бір ғана ғылыми жарияланымға негіз болған және ол кейінірек жалған деп танылған. Ал дәрігердің өзі мәліметтерді бұрмалағаны анықталды», – деді ол Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференция барысында. Оның атап өтуінше, аталған жарияланымда балалардағы аутиз белгілері екпе салынғаннан кейін бірнеше күннен соң пайда болғандығы айтылады. Ал негізінде балалардың бойындағы мұндай белгілер екпе салынғаннан кейін бірнеше айдан соң білінсе, енді біреулерінде екпе салынбай тұрып аутизм белгілері болған. «Сәл кейірек доктор Уэйкфилдтің аралас екпеден бас тартуға мүдделі болғандығы және аутизмі бар пациенттерді зерттеуге әдейі таңдап алғаны анықталды. Өйткені, ол қызылшаға қарсы жаңа моновакцина шығаруға қатысқан. Уэйкфтилд әрекеті заңға қайшы әрі клиникалық сынақ жүргізудің барлық ережелерін бұзады деп танылды. Сондықтан Ұлыбританияның бас медициналық кеңесі оны өмір бойы медицина қызметімен айналысу құқығынан айырды. Қазіргі уақытта вакцинация мен аутизм арасында байланыс жоқ деп саналады», – деді Виктория Виниченко.

ҚР Парламентінің депутаты Зәуреш Аманжолова «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасында вакциналауға қатысты өзгерістер бойынша пікір білдірді.

«Көптеген пікірлер айталғанын білесіздер, өзінің маңыздылығы бойынша Кодекстің тиісті дәрежесі бар. Осы орайда бұл мәселеге назар аударып, талқылауға қатысқандарға алғысымды айтамын», – деді депутат Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияда. Оның атап өтуінше, вакцина елімізде өте жақсы нәтиже берді. Осы орайда бірнеше ауруларды жоюға мүмкін болды. «Кодексті талқылау барысында үш мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Салыстырмалы кестеде 1,5 мыңға жуығын қарадық және 717 түзету мақұлданды. Бұл өз кезегінде ең ауқымды заң жобаларының бірі болды. Белсенді қатысқан адамдардың арқасында осы құжатқа көптеген өзгертулер енгізілді», – деді депутат. Осы орайда ол Кодексте екпелер міндетті және ерікті болып жіктелгенін еске салды. «Біз осыны заңнамылық деңгейде бөлдік. Шын мәнінде тізімді өкілетті орган бекітеді. Қоғамдағы резонансты тыңғылықты зерттедік. Негізгі себептің бірі – екпе сапасына қатысты. Заң жобасында өндірушілерге байланысты жазалаудың қатаң шараларын қарастырық. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, толықтай жауап береді. Сонымен қатар, вакцинаны тасымалдау, сақтау, сондай-ақ екпе жасау кезіндегі медициналық персоналдың жауапкершілігі ескерілген», – деді З. Аманжолова.

Ары қарай оқу:




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған