Сәбіз және апельсин – бойға қуат

72 қаралу саны

Ойды жүйрік етуге күн нұрының сары түсі жақсы, дейді психолог мамандар. Әрқашан бойыңызда энергия қуаты болып, жадырап жүруді қаласаңыз, уақытыңыздың біраз бөлігін күн астында серуендеуге арнаңыз. Сары түстің көңілге серпін берерін есте ұстап, үйіңізде сары түсті заттардың болуына да мән беріңіз. Дастархан үстіндегі жеміс құмырасын сары апельсиндерге толтырып, қабырғаға күнбағыс суреті салынған картинаны іліп қойыңыз. Бұл заттарға қараған сайын, көз қуанып, бойда қуат пайда болады. Сары түске жаны жақын жандар көбінесе, ілгеріге ұмтылғыш, белсенді, көңілді әрі креативті келеді.

Сәбіз. Гиппократ өмір сүрген тұста сәбіз көкөнісі түрлі аурулардың бетін қайтару үшін пайдаланылған. Ал Рим сұлулары бетті тегістету мақсатында сәбізге әр түрлі майларды қосып, жаққан деседі. Тек бетке ғана емес, сұлулықтың қыр-сырын жақсы меңгерген орта ғасырдағы рим сұлулары шаштарын жұмсарту үшін де, бұл көкөністің көмегіне жүгінген. Құрамында көп мөлшерде А дәрумені бар сәбіз табиғаттан берілген, сұлу болуға арналған бірден бір құрал.

Бет теріңізге ерекше әр мен нәр бергіңіз келсе, сәбізді майда үккіштен өткізіп, оған жұмыртқа саруызын қосып, бетіңізге жағыңыз. Бұдан болар әсер: бетке қан жүгіріп, майда әжімдер жазылып, тері түсі де оңалады.

Сәбізде В1, В6, Е, К, С дәрумендерімен қоса йод, аминқышқылдар, фосфор мен кальций бар. Аталған элементтердің денсаулыққа өте пайдалы екенін сіз жақсы білесіз. Ал бұл қоректік заттардың барлығы сәбіз құрамына жинақталған.

Бет теріңіз аздап тотыққан (загар) әсерде болғанын қалайсыз ба? Бұған көмекке келетін көкөніс те — сәбіз. Ол үшін аптасына 2-3 рет мына масканы жасасаңыз жеткілікті: сәбіз майда үккіштен өткеннен кейін ботқаға айналады. Сол ботқаны дәкеге салып, бет терісіне 15 минутқа қойыңыз. 15 минут өткен соң, салқын сумен жуып тастаңыз. Сонда бет реңі басқа реңге айналады.

Шаш күтімінде де сәбіз таптырмас табиғи көкөніс. Бас жуғаннан кейін, сәбіз шырынын лимон шырынымен араластырып, басты бір шайған дұрыс. Бұл үрдіс әдетке айналса, шаштарыңыз жылтыр әрі жұмсақ болады. Сәбіз туралы әңгімеміздің тоқетері, сәбіз — тек қана азық емес, сонымен қатар, сұлу болуға көмектесетін нағыз табиғи косметикалық құрал.

Апельсин. Апельсин де теріге өзінше оң әсерін бере алады. Бұл цитрустық жеміс бет терісін тазартады және балғындық сыйлайды. Апельсиннің етінде де, шырыны мен қабығында да дәрумендер мен қоректік заттар бар. Күніне бір апельсин жеу — бір күнде 130% аскорбин қышқылын қабылдағанмен тең.

Апельсин цитрусының тәтті иісі көңілге жағымды әсер сыйлай алады, күйзелісті де басуға икемді. Әйгілі әлем жұлдызы Анджелина Джоли теледидар мен журнал беттеріне берген сұхбаттарында міндетті түрде мына кеңесті қайталайды: «Күн сайын құрамында эфир майы бар цитрусты жемісті, оның ішінде апельсинді қосып, жылы ванна қабылдау керек. Бұл ағза жасушаларын тірілтеді әрі бұл ваннадан соң ми да тынығады, бір сөзбен айтқанда, ләззат аласыз»

Апельсин майының шипасын жақсы білген британдық зерттеушілер, оны фармоцевтикалық кодекске де енгізген. Ол тек косметикалық құрал болып табылмасы анық, сонымен қоса, денсаулыққа да шипасы мол жеміс.

Бетіңіздің терісі майлы болса, апельсиннен дайындалатын лосьонмен сүртіп отырыңыз. Апельсинді қабығымен қоса үккіштен өткізесіз. Пайда болған ботқаға жарты стақан шарапты құйып, қараңғы жерге 5 күнге қойыңыз. Қоспа 5 күн өткеннен кейін қоюлана түседі. Одан сұйығын сығып алып, 1 шай қасық глицеринді тамызып жібересіз. Маска дайын: бетке жағып, 20 минут қозғалмай жатыңыз. Дайындалуы көп жұмыс пен уақытты қажет еткенімен, бұл маскадан кейін, теріңіз сізге рақметін жаудырады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған