Кенеден сақ болыңыз!

51 қаралу саны

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – адамның вирустық табиғи-ошақты ауруы, оның қоздырғышы кене болып табылады.

Бұл ауру мамыр айынан тамыз айына дейінгі аралықта өршиді. Вирус организмге тері арқылы беріледі (кене шаққан кезде),вирус қанға өтеді және ретикулоэндотелиальды жүйенің клеткаларында жинақталады және қанайналымда жүреді. Инкубационды кезеңнің ұзақтығы 1 және 14 күн аралығында (жиі 2-7 күн).

Ауру тез басталады, дене температурасы кенет 39-40°С дейін көтеріліп, адам қалтырай бастайды. Бас қақсап, әлсізденеді, ұйқы басып, бұлшық ет пен буын ауруы байқалады, іш ауырып, кейде құсу жүреді. Бастапқыда науқаста бет, мойын және кеуде үстіңгі бөліктерінің терісі қызарады. Сондай-ақ, бүйрек үсті безінің сыртқы қабатын және гипоталамусты бұзады, қан ұю процестерінің бұзылуы орын алады. Аурудың 2-6 күнінде геморрагиялық синдром дамиды. Инъекциялық жерлерде, мұрыннан және қызыл иектен қан кету байқалады. Осы кезеңде аурудың ауырлығы артады, есін жоғалту эпизодтары қайталануы мүмкін. Асқазан мен ішектің қан кетуі болжамды нашарлатады. Орташа есеппен алғанда дене температурасы 12 тәулікке дейін көтеріледі, сауығу баяу жүреді, әлсіздік (астения) 1-2 ай бойы сақталады. Геморрагиялық қызбасының асқынулары — сепсис, өкпенің ісінуі, ошақты пневмония, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі пайда болуы мумкін.

Қазақстандағы КҚГҚ-ның табиғи ошақтары – Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары. Республикадағы соңғы эпидемиологиялық зерттеу иттер мен үй құстарының да КҚГҚ вирусының тасымалдаушысы болатынын көрсетті.

Алдын алу үшін кенеге қарсы өңдеуді уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты міндетті түрде тазалау қажет.

КҚГҚ-дан қорғану үшін:

  • Малды қырқарда қолғапты пайдалану, оны шешкеннен кейін қолды сабынмен жуу қажет. Кенені қолмен жаншымау;
  • КҚГҚ бойынша эндемиялық өңірлерде табиғатқа немесе жайылымға шыққан кезде ұзын жеңді ашық түсті тығыз матадан тігілген киім кию. Шалбарды шұлыққа салып, жабық аяқкиім кию керек;
  • Дененің ашық жерлері мен киімді реппелленттермен сүрту;
  • Кене шаққанда, температураның көтерілуі, жиі (70%) қалтырау, қарқынды бас ауыруы, дененің сырқырауы, жүрек айну мен құсу, мұрыннан, қызыл иектен қан кету, бет терісі мен мойынның және дененің жоғарғы бөлігінің гиперемиясы сияқты аурудың алғашқы симптомдары болса тез арада дәрігерге қаралу керек;
  • КҚГҚ-ның табиғи ошағында орналасқан елді мекендерде жүйелі түрде аумақты қи мен қоқыстан тазарту, арам шөптерді шабу және өртеу, бұталарды тазарту, саңылауларға, жарықтарға, індерге алдын ала мазут, автол, креолин құйып, жөндеп бітеу қажет;
  • Мал қорада жарықтар мен індерді бітеуге пайдаланылатын саз және басқа да құрылыс материалына алдын ала көрсетілген заттарды сіңдірген дұрыс.
  • Орманды алқапта, шөптесін өсімдікті учаскелерде болған кезде әр 10-15 минут сайын бір-бірлеріңізді және өзіңіздің үстіңізді тексеріп-қараңыз.
  • Табиғаттағы демалыстан кейін денені, шашты тазалап, киімді, қолтықты, құлақтың артын мұқият тексеру керек. Киімді желдетіп, үй-жайға гүлдерді, бұтақтарды, аңшылық олжаларын бірден алып кірмеу.
  • Және үйдегі иттерді және басқа да үй жануарларын тексеріп қарау керек.

Есіңізде болсын! Кененің шағуы аса қауіпті инфекция – Конго- Қырым геморрагиялық қызбасының дамуымен қауіпті!

Кенеден қорғану ережелерін сақтау және шұғыл медициналық көмек алу сізді аурудан қорғап, өміріңізді сақтап қалады!

Дереккөз: ҚР ДСМ ҰҚДСО Фейсбук парақшасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған