Кавасаки синдромының белгілері қандай?

64 қаралу саны

Мамыр айында ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бүкіл дәрігерлерді балалар шалдыға бастаған коронавируспен байланысты синдром туралы мәлімет жинап, бақылауда ұстауға шақырды. Еуропа мен Солтүстік Америкада мультижүйелі қабыну жағдайымен ауруханаға түскен балалар дертінің кейбір белгілері Кавасаки синдромымен сәйкес келуі және коронавирустың қатысы болуы мүмкін екені хабарланды.

Ұлыбритания ғалымдарының сөзінше, Кавасаки ауруына ұқсас мультжүйелі қабыну синдромы бес жасқа дейінгі балаларда ғана емес, 16 жасқа дейінгі жеткіншектерде анықталған және кейбір жағдайда қатты асқынуға ұласқан.

Сирек кездесетін дерт сөз бола бастағанда Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешова балаларда Covid-19 сирек кездесетін синдромға ұласуы мүмкін екенін айтты. Балалар коронавирусты жеңіл өткеретіндіктен және иммунитет тез қалыптасу үшін олардың вирус жұқтырғаны жөн деген пікірлер айтылды. Динагүл Баешованың сөзінше, инфекция жұқтырған бала вирус таратушыға айналады. Шетелдік ғалымдардың «балаларда коронавирус салдарынан сирек кездесетін Кавасаки синдромы пайда болуы мүмкін» деген мәлімдемесіне сүйенген дәрігер вирусты балаларға әдейілеп жұқтырудың өте қауіпті екенін айтты.

Кавасаки синдромы 1967 жылы осы сирек кездесетін ауру белгілерін тапқан жапон дәрігердің есімімен аталған. Алайда аурудың шығу тегі, жұғу жолы әлі күнге дейін беймәлім. Ғалымдардың бірі мұны жұқпалы ауру десе де, оған жауапты микроағза табылмады. Енді бірі мұны анықталмаған токсинге деген иммунитет жауабы деп топшылайды.

Синдром алты айдан бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Ол дене қызуы, қызыл бөртпе және алақан мен аяқтың қызаруы, тілдің қызаруы, кейде терінің қабыршақтануы, мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы белгілерімен басталады. Содан кейін науқастарда жүрекке қан апаратын күретамырлар мен басқа да қан тамырлары зақымданып, қан тамырларының кеңеюі мен жарылуы ішке қан кетуге және жүрек талмасына әкеп соқтырады. Уақытында емделмесе Кавасаки синдромынан өлім-жітім үлесі 1%-ға жетеді.

Кавасаки синдромын өткергендер балалар кардиологының бақылауында болуы керек. Балаларды диспансерлік бақылаудың ұзақтығы нақтыланбаса да, мамандар қан тамырлары қатты кеңейген және орта мөлшердегі аневризм қайтуынан кейін науқастар өмір бойы бақылауда болуы керек екенін айтады. Жүрекке қан апаратын тамырлардың кеңеюі жойылғанша әр алты ай сайын эхокардиография жасату керек.

Дереккөз: ҚР ДСМ ТҚСҚБК сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған