Кавасаки синдромының белгілері қандай?

40 қаралу саны

Алматы балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-сарапшысы, балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Құттықожанова онлайн брифинг барысында Кавасаки синдромының белгілері туралы айтып берді.

Дәрігердің сөзінше, COVID-19 ұқсайтын ауру көпжүйелі қабыну синдромы деп аталады. «Кавасаки синдромы сәуір айында пайда болды. Бұл балалардың иммундық жүйесінің қабынуынан болған. Оның белгілері: дене қызуының көтерілуі, жөтел, қан қысымының төмендеуі, ішек ауруы, аяқ-қол ісінуі мүмкін, тыныс алу қиындайды, жүрек соғуы жиілейді» дейді Ғалия Құттықожанова.

Сонымен қатар, ол Кавасаки синдромы – екі жасқа дейінгі балаларда жиі кездесетінін айтты. «Негізінде кавасаки синдромы кішкентай балаларда жиі кездеседі. Алайда, Ұлыбританияда 14 жастағы бала осы аурудан қайтыс болды. Бұл ауру, әсіресе, коронавирус көп тараған елдерде белең алуда. Ол біздің елде де тіркелді, сондықтан ондай аурумен келіп түсетіндерді қабылдауға қазірден дайын болуымыз керек. Бұл ауру коронавирустың жоғары шегінен 5-6 апта өткен соң тіркелген. Яғни оны коронавирустан кейінгі синдром деп қабылдауға болады» деді сарапшы дәрігер.

Дәрігер балаларды адам көп шоғырланатын жерге апармауға кеңес берді. «Қазір адамдармен қарым-қатынасты барынша азайту керек. Егер адам көп жүретін жерге барып жатса міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаған дұрыс. Одан бөлек баланы көпшілік орындарда тамақтандырмай тұра тұрған жөн. Бастысы, баланың иммунитетін көтеруге күш салу керек. Дұрыс тамақтану қажет» дейді спикер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған