Көлік салығы қате есептелсе не істеу керек? Жүргізушілерге керек кеңестер

73 қаралу саны

Жыл аяғына дейін көлік салығының негізгі берешегі төленсе, өсімпұл есептелмейді.

Ел азаматтары енді қате есептелген не өзі бүгінде иесі болып табылмайтын көлік салығы міндеттемелері бойынша жаңсақ мәліметтерді өздері түзете алады. Бұл оларды артық және өзі төлеуі міндетті емес шығындардан құтқарады.

Ол үшін не істеу керек? Informburo.kz назарларыңызға нақты кеңестер ұсынады.

№1. Салық берешегінің бар-жоғын қалай тексеруге болады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салыққа қатысты бірнеше электронды сервис бар. Сол жерден салық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеруге болады. Ол үшін мына сілтеме арқылы өтіп, ЖСН мен суреттегі кодты теру қажет. Сервис келесі мәліметтерді ұсынады:

  • берешек қортындысы, салық сомасы (теңге);
  • мiндеттi зейнетақы жарналары, кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек (теңге);
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек;
  • әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек (теңге).

Сондай-ақ, eGov порталында да салық берешегі мен өсімпұлдің бар-жоғын анықтауға болады. Портал онлайн режимде төлем жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ қажет емес. Бір реттік парольмен кіріп, ЖСН мен суреттегі кодты теру жеткілікті.

Сонымен бірге банктердің мобильді қосымшаларында «Төлемдер» бөлімінен де салық берешектерін тексеріп, төлеуге болады.

 

№2. Көлік салығы калькуляторы

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы онлайн калькулятор арқылы көлік салығын есептеуге болады. Ол үшін келесі мәліметтерді енгізу/таңдау қажет:

  • салықты есептеу жылы;
  • есептеу жылындағы айлар саны;
  • салық салу нысаны;
  • қозғалтқыш көлемі.

Бұл мәліметтерді енгізгеннен/таңдағаннан кейін сервис көлік салығының мөлшерін көрсетеді.

Сондай-ақ, калькулятор e-Salyq мобильді қосымшасында да бар. Ол жерде көлік құралы мен жеке табыс салығын, сонымен бірге өсімпұлды да есептеуге болады.

 

№3. Салықты кешіктірген жағдайда қалай өсімпұл төлемеуге болады?

Салықты кешіктірген әр күн үшін өсімпұл қосылады. Алайда, биыл коронавирус пандемиясына байланысты 2019 жылы қолданыста болған салықтық рақымшылық ұзартылды. Соған сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін негізгі салықты төлеген жағдайда, өсімпұл есептен шығарылады. Ол үшін арнайы өтініш жазудың қажеті жоқ. eGov порталы немесе банк қосымшалары арқылы негізгі салықты төлесе жетікілікті. Өсімпұл 3 жұмыс күні ішінде есептен шығарылады.

2019 жылы 1,4 млн салық төлеушінің 61 пайызы өзінің негізгі салығын төлеп, өсімпұлдан құтылған. Биыл 1,2 млн адам 13 млрд теңге берешегін төлеп, 4,3 млрд теңге өсімпұл кешірілген.

 

№4. Көлік салығынан кімдер босатылады?

  • ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер арнайы техникалардың;
  • мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері қарауындағы қозғалтқыш көлемі 3 мың смаспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобустың;
  • ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілгендер, тылда еңбек еткендер, Кеңес одағының батырлары мен Социалистiк еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар қозғалтыш көлемі 4 мың смаспайтын бір автокөліктің салығынан босатылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған