Күйзелістен аулақ болып, көбірек қозғалу коронавирустың алдын алады

19 қаралу саны

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық емхананың эпидемиологы Айдана Дарбекова коронавирустың алдын алудың бірқатар қарапайым жолдарын атады.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы енді түбегейлі жоғалып кетпейді. Ол бізбен бірге өмір сүреді. Қазір әлем болып осы ауруға қарсы вакцина ойлап табу қолға алынды. «СOVID-19 вирусы жер бетінен мүлдем жойылып кетпейді. Ол ЖРВИ қоздырғыштарының үлкен тобынан шыққан вирустардың біріне айналады. Аурудың өршуі әр адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты. Инфекциялық ауруға микроағзаның төзімділігі мен әр түрлі ауырлық дәрежесіндегі факторлардан басқа,адам ағзасына түскен қоздырғыштың мөлшері үлкен маңызға ие. Бұл барлық жұқпалы ауруларға, соның ішінде COVID-19 қатысты. Инфекция негізінен тыныс алу жолдары арқылы жұғады» деді дәрігер.

Сонымен қатар, ол тұмаудың алдын алуға арналған вакцинаның маңызына тоқталды. «Қазір халық арасында «тұмау коронавирус инфекциясын өршітеді» деген үрей пайда болды. Бақытымызға орай, ондай жағдайлар кездескен жоқ. Тұмау эпидемиясы да болған жоқ. Тұмау вирусының алдын алу үшін тұрғындарға вакцинация жүргізілді. Бұл әсіресе осал санаттарға қатысты. Тұмау вирусы мен COVID-19 бір аумақта жұмыс істейтін пневмотропты инфекциялардың екі қоздырғышы деп нақты айта аламыз. Тұмау вирусы жылына екі рет – күзде және көктемнің басында, ауа райы салқын, дымқыл кезде белсенді түрде көрінеді. Бұл екі кезең эпидемиялық сипатқа ие. Ал эпидемиялық кезеңде ол жасырын инфекция түрінде қалады» деді ол.

Дәрігер-эпидемиолог қауіпті індеттің таралу жолдарына да тоқталды. «Ғимараттардағы, жер үйлердегі, пәтерлердегі микроклимат, дәлірек айтсақ, ауаның ылғалы вирусқа әсер етеді. Біз уақытымыздың басым бөлігін үйде, бір-бірімізге жақын жерде өткіземіз. Адамның иммундық жүйесінің патогендерге жауап беру қабілеті құрғақ ауада басылады. Ылғалы жоғары бөлмеде респираторлық вирус жиі таралады. Көбіне ол заттардың бетіне қонады. Тұрғындар дезинфекция мен жеке гигиенаның маңызын ұмытпауы керек. Сондай-ақ коронавирус тығыз байланыста жұғатынын естен шығармаған абзал. Үйдегі ылғалдылықты 50 пайыз деңгейінде сақтау қажет» деді Айдана Дарбекова.

Дәрігердің айтуынша, ең бастысы – иммунитетті нығайту қажет. «Суық тию, тұмау және вирустық инфекциялар маусымында иммунитеттің рөлі өте маңызды. Оны нығайту үшін дұрыс тамақтану керек. Ас мәзіріне көкөністер мен салат жапырақтарын қосу қажет деп санаймын. Себебі, олардың құрамында витаминдер мен минералдар бар. Сонымен қатар, мүлдем бас тартатын тағамдар да баршылық. Атап айтсақ, консервілер, қуырылған тағамдар мен фастфуд жемеген жөн» дейді спикер.

Сөз соңында ол карантин шараларынан бөлек коронавирустың алдын алатын қарапайым заттарды атады. «Бүгінгі таңда пандемияны дәл уақытында енгізілген карантин ғана емес, әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы жеңуге болады. Диетаға да назар аударған абзал. Жалпы, респираторлық инфекциялардың алдын алу үшін стресстен аулақ болу керек, көбірек қозғалу және таза ауамен тыныс алу қажет. Біздің денсаулығымыз өз қолымызда» деп қортындылады эпидемиолог.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған