Елжан Біртанов: Станционарлық көмекті дамытуға күш салу керек

288 қаралу саны

Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі өзінің парақшасында жаңа ауруханаларды не үшін салу керектігін түсіндірді.

«Біз аурудың алдын-алу және ерте анықтауға бағыт алдық. Сол үшін де біз амбулаториялық-емханалық көмекті дамытудамыз. Бүкіл әлем алдымен Алматы, сосын Астана декларациясын қолдады.

Бірақ стационарлық көмекті де дамыту керек. Өйткені, соқырішек немесе босану ешқайда жоғалып кетпейді. Кардиохирургтер мен нейрохирургтер инфаркт пен инсульт кезінде, ал травматолог жарақаттану кезінде құтқаруы тиіс. Туа біткен және жүре біткен кемістігі бар балаларға операция, ал ересектерге буындар не болмаса өзге де ағзалар мен тін трансплантациясы қажет. Мұның барлығын және басқа да көп дүниені стационарлық жағдайда ғана жасауға болады» деп жазды министр.

Алайда, оның дерегінше, ауруханаларымыздың 80 пайыздан астамы сонау кеңес заманында салынған. Бұған қоса, 20 пайыздан астамы емдеу ғимаратына бейімделген, яғни бұрынғы жатақхана, балабақшада орналасқан. Ауруханалардың жалпы тозуы 60 пайыздан асып кеткен.

«Мұндай жағдайда алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту мүмкін емес. Олар пациенттер мен персоналдар үшін жайсыз және медицина қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда өсуін тежейді. Бүкіл прогрессивті әлем жаңа клиникалар салуда және азаматтарымыз Оңтүстік Кореяның, Германияның немесе Түркияның заманауи ауруханаларындағыдай жағдайда  емделгісі келеді. Сондықтан біз шетелдік серіктестерді тарта отырып, жаңа ауруханалар салуымыз керек, алдыңғы қатарлы медициналық технологияларды енгізуіміз және мамандарымызды оқытуымыз қажет. Жекелеген әрі тар профильді ескі ауруханаларды ауыстыруымыз керек. Тек сол жағдайда ғана заманауи технологияға қол жеткізе отырып, медицина қызметкерлеріміздің кәсібилігі жаңа деңгейге көтеріледі. Сол кезде амбулаториялық және стационарлық көмектің сабақтастығы болады. Ал қазақстандықтарға оңтайлы әрі сапалы отандық медицина қызметі беріледі» қорытындылады өз ойын Елжан Біртанов.

Дереккөз: Елжан Біртановтің Facebook-тегі парақшасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған