Елордалықтар дәрігердің онлайн-кеңесін қалай ала алады?

64 қаралу саны

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы карантиндік шараларға байланысты шектеулерді ескере отырып, елорда тұрғындарына медициналық қызметтерді қашықтан қалай алуға болатынын түсіндірді.

Елордада медициналық қызметтерді қашықтан қалай алуға болады?

Салалық мамандардың кеңестері, телемедицина арқылы консультациялар, сондай-ақ рентген түсірілімін қайта оқыту, электрокардиограмма таңбаларын түсіндіру қызметтері енді қашықтан қабылдау кезінде де қолжетімді.

Бұрын қашықтан кеңес беру созылмалы аурулары бар науқастарды (учаскелік жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр) динамикалық бақылау кезінде қолданылды. Қашықтан медициналық қызмет көрсетудің ерекшеліктері 2020 жылғы 17 шілдеден бастап күшіне енген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте (129-бап) айқындалған.

Заманауи технологиялар мен түрлі байланыс арналарының арқасында медициналық ұйымдар пациенттерге қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр. Алдағы уақытта қашықтан көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейтіледі.

Дәрігердің онлайн-кеңесін қалай алуға болады?

1. Өз емханаңыздың Call-орталығы немесе басқа байланыс арналары, мобильдік қосымшалар (бар болса) арқылы дәрігердің кеңесіне жазылу керек.

2. Кеңес беру күні мен уақытын таңдау қажет. Сонымен қатар, салалық маманның қабылдауына жазылу үшін алдымен, учаскелік дәрігерден жолдама алу керек. Ол үшін өзіңіздің терапевт/жалпы практика дәрігерінің қабылдауына өтінім жібересіз.

3. Таңдалған байланыс арнасы арқылы маманнан белгіленген уақытта қоңырау (аудио немесе видео) күтіңіз.

«Дәрігерден кеңес алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Дәрігер кеңесі науқас қай жерде болмасын, қашықтан қолжетімді. Сонымен қатар дәрігер дәрі-дәрмектерге рецепт жазып бере алады. Сырқаттама парақшаларын, зертханалық зерттеулердің, тексерулердің нәтижелерін де айтып береді. Сырқаттар мен жарақаттарды диагностикалау, емдеу, медициналық оңалту және алдын алу үшін, зерттеулер мен бағалау үшін медициналық қызметтер сандық технологиялар арқылы қашықтан ұсынылады. Яғни, осы қызметтерді алу үшін емханаға келудің қажеті жоқ» дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина.

Учаскелік дәрігердің қашықтан кеңес беруі бастапқы медициналық-санитарлық көмек беретін медициналық ұйымдардың (емханалардың) жан басына шаққандағы норматив төлемі шеңберінде ТМККК тізбесіне, ал салалық мамандардың консультациялары нақты көрсетілген қызметтері (ТМККК бойынша қызмет көрсетілетін созылмалы, әлеуметтік мәні бар және инфекциялық аурулардан басқа) МӘМС пакетіне кіреді.

Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіне алады.

Дереккөз: ӘМСҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған