Динагүл Баешева: Коронавирус тактикасын өзгертті, біз де күрес тәсілін жаңартып жатырмыз

44  361 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы «Министрлік хабарлайды» тікелей эфирінің бүгін, 17 маусымдағы хабарына қатысқан Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева Қазақстан коронавирус инфекциясымен күрес тәсілін неліктен өзгерткенін және сондай-ақ коронавирусқа қатысты басқа мәселелер төңірегінде айтып берген әңгімелерінің мазмұнын «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына ұсынамыз.

«Қазір ел ішіндегі «коронавирус жұқтырғандарды алдымен жатқызу керек деді, кейін керек емес деді» деген уәж айтылып жатқанын білеміз. Бірақ коронавирусқа қатысты жағдайдың да өзгеріске ұшырап жатқанын ескеру керек. Әу баста жұқтырғандардың бәрін де тегіс жатқыздық. Себебі, бізде мүмкіндік болды. Инфекцияның популяцияға кетіп қалғанын қаламадық. Барынша ұстап тұрдық. Ал қазір концентрация ұлғайып кетті. Кезінде адамдарды жатқызған кезде кейбіреулер шағымданып, мүлде сау екенін де айтып, шуласқан еді. Бірақ бәрібір айналып келгенде коронавирустың ел ішіне тарап кеткенін көріп отырмыз» деді Динагүл Баешева.

Коронавирусқа қатысты жағдайдың өзгеруіне байланысты онымен күресудің ұстанымы мен әдісіне де өзгерістер енгізілген. «Бұл – халықаралық стандарт. Кейбір мемлекеттер бірден ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға кірісіп кетті. Мәселен, Еуропа елдерінің кейбірі вирус тарай берсін, тек қарттар үйін жабамыз десті. Бірақ ол елдер қазір бәрібір әкімшілік шараларды қолдану керек екенін кеш түсініп отыр» деді ол.

Динагүл Баешеваның сөзінше, Қазақстан коронавируспен күрестің жарқын үлгісін бірқатар мемлекетке көрсете білген. «Ал қазір біз осы күрес дағдысын ұстанып, тың амалды қолдана білуіміз қажет. Қазір жағдай өзгерді. Сол себепті күрес тәсілін де өзгертуіміз керек. Айналып келгенде, бұл – вируспен соғыс. Вирус тактикасын өзгертуде. Біз де күрес тәсілін өзгеруіміз керек. Қазір шу көтеріліп жатыр. Сабырға келу керек. Шу ештеңені шешпейді» деді ол.


Ары қарай оқу:


«13 наурыздан бері ауруханаға түскен науқастардың 39 пайызында симптом болмаған. Ал 36,7 пайызында COVID-2019 жеңіл формада өткен. Осы екі көрсеткішті қоссақ, 70 пайыздан асып кетеді. Яғни, еш белгісі жоқ, жеңіл түрдегі аурулар 70-75% аралығында болып отыр. Соның ішінде орташа дәрежеде 20%, ауыр дәрежеде 2%» деп атап өтті Д. Баешева.

Оның айтуынша, симптомсыз науқастар ішінде де уақыт өте келе ауру белгілері пайда болады. «Біздің есебіміз бойынша, уақыт өте келе симптомсыз келген науқастардың 15% коронавирустың жеңіл түріне ауысады, кейбірі орташа түріне, ал 3 адам немесе 0,5% ауыр дәрежеге ауысқан. Симптомсыз науқасты 14 күн бақылағанның өзінде де еш көрініс болмауы керек. Сол адамды біз «Симптомсыз науқас» деп атаймыз. Көбінесе 20-59 жас аралығындағы тұрғындардың ауруы симптомсыз және жеңіл түрде өтеді» деді маман. Әдетте симптомсыз науқастардың бойынан 2,3,4 күндері ауру белгілері пайда болады. Сондықтан, сипмтомсыз науқастар үйге жіберілсе де, олардың денсаулығына мониторинг жүргізіледі.

«Мәселен, екінші күннен бастап науқастардың 10 пайызында дене қызуы пайда болған. Сонымен бірге, жөтел, тамақ ауруы, мұрынның бітелуі немесе иіс сезбеуі байқалған. Жеңіл түрде өтетін болса, ол адамдарды да үйде емдейміз. Ол кісілерге еш ем керек емес. Өйткені еш клиникалық көрініс жоқ. Бірақ ол кісілер эпидемиологиялық тұрғыда қауіпті. Симптомдары бар адамдар дене қызуы, жөтел, бас ауруы секілді клиникалық көріністері болады. Әсіресе, жөтелген, түшкірген адамдар аса қауіпті. Олар өз сілекейімен бірге вирусты ауаға, қасындағы адамға шашыратуы мүмкін. Вирустың сыртында майлы қабыршағы болады, сондықтан бұл вирус адамға жабысқақ болып келеді. Қолды сабынмен жуу және спиртпен сүртіңіз деп жиі айтамыз. Себебі, спирт пен сабын майды ерітіп жібереді» деді Динагүл Баешева.

«Өткен аптада мен жағдайы ауыр бір баланы көрдім. Алайда, оның коронавирус инфекциясын жұқтырып алғанын мүлде ойламадық та. Себебі, ата-анасы ешкіммен байланыс болмағанын алға тартты. Десе де, баланың жағдайы шынында да ауыр еді. Ақыры тесттен өткізіп, оның шынында да коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаны расталды» деді Динагүл Баешева.

Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері баладан коронавирус расталғаннан кейін өзі де қатты үрейленіп қалғанын жасырмады. «Мен коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаныма жүз пайыз сенімді болдым. Дене қызуым көтеріліп кетті. Буындарым қақсай бастады. Таныстарымның бәріне қоңырау шала бастадым. Бірақ ақыры ақылға келдім. Қайтадан ыстығымды өлшесем +36,7 градус болып тұр екен. Таң қалдым. Сөйтсем, бұл психосоматика екен. Сол себепті «бізді аурудан бұрын үрей мен байбалам өлтіреді-ау» деген ойға келдім» деді ол.

«Елімізде ауырған адамдар саны, әсіресе, симптомсыз науқастар саны өсе бастады. Оған ТЖ режимінің алынуы, карантинді жеңілдету себеп болды. Өзіміз де эпидемияға қарсы шарттарды қолданбай кеттік. Сондықтан, қазір вирус жұқтырғандар саны өсіп барады. Бірақ, оған еш қорқыныш, дүрбелең болмауы керек. Себебі, 100 адам ауырса, оның 80 пайызы жеңіл немесе симптомсыз түрде өтеді. Ал 15 пайызы орташа және ауыр, 5 пайызы – аса ауыр түрде түседі» деді маман. Оның айтуынша, ауру саны өсе түскеннің өзінде де симптомы жоқ адамдар қорықпауы керек. Шамамен 7 күнде ауру бәсеңдейді, содан кейін тағы 7 күн үйде жатып, сауығып шығу керек. «Науқастардың 70 пайызы тестілеу арқасында табылды. Мұнда ПТР тестілеуді де дұрыс жүргізу керек. Мысалы, үлкен компанияда қарым-қатынаста болған қызметкерлеріне тест жүргізіледі. Ал жай адамдардың беталды тесттен өтуі дұрыс емес. Уақыт пен ақшаны жұмсап, тест тапсырасыз. Одан кейін тасымалдаушымен кездесіп, ауру жұқтырып, ПТР нәтижем теріс еді ғой деп, ауруға мән бермейсіз. Сондықтан, жапатармағай ПТ Р тапсырмай тұрып, дәрігермен ақылдасу керек» деді Д. Баешева. Қазір жаз мезгілінде суық су ішетіндер көп, ауа баптағыштан да салқын тиеді. Содан суық тиюі де мүмкін. «Әрине, дене қызуы, жөтел байқалып, туыстарыңыз КВИ-мен емханада жатса, коронавирус туралы ойлануға болады. Мұнда Жедел жәрдемге немесе тіркелген емханадағы дәрігерге хабарласып, ақылдасуыңыз керек. Бізді емдеңіз деп, 80 пайыз жеңіл түрде өтетін науқастар емханаға жатып алсақ, ауыр түрде өтетін науқастар шетте қалып қояды. Сондықтан дүрлікпеу керек» деді Динагүл Баешева.

«Коронавирусқа бәрібір, бірінші толқын ба, жиырмасыншы толқын ба, айырма жоқ. Вирусқа жаз ба, күз бе, қазақсың ба, гүржісің бе, бәрібір. Ол ең алдымен өзінің көбею жолын іздейді. Міндеті өкпеге жетсе болды. Қазір коронавирус ЖРВИ немесе пневмония арқылы белгілі болып отырған жоқ. Сол себепті біз созылмалы аурулары бар адамдарға маңыз беріп келеміз. Коронавирус жұқтырған адамның бұрыннан бергі созылмалы ауруы қозып кетуі ықтимал» деді Динагүл Баешева.

Инфекционист дәрігердің айтуынша, осыған дейін Қазақстан қатаң шектеу шараларын енгізгенімен экономикадағы туындаған қиындықтарға байланысты шектеу шараларын алуға мәжбүр болған. «Бірақ үш айдың ішінде адамдар коронавирусқа қарсы күресті үйреніп алатындай уақыт болды. Себебі, құрып кеткен жоқ. Арамызда жүр. Қаупін сезіне жүруіміз керек. Мәселен, Оңтүстік Кореяда бір монашка ғана 300 адамды жұқтырған. Яғни, мұндай ошақтар кез келген уақытта туындауы мүмкін. Сондықтан біздің міндет – жағдайға қарай бейімделу. Қажеттілік туындамаған жағдайда сыртқа шықпаған абзал» деді ол.

Динагүл Баешева Италия мен АҚШ-тағы жағдайды ұмытпауға шақырды. «Ол жақтағы адамдар жиналып алып, вирусты көзге ілгісі келмегендіктен, ахуал қиындап кетті. Ал Сингапур, Тайланд елдері ақырын жүріп, анық басып келеді. Сонда ғана туған-туыстарымызды, достарымызды қауіптен сақтай аламыз» деді ол.

Дереккөз: ҚР ДСМ Фейсбук парақшасы


Ары қарай оқу:


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған