Денсаулық пен сұлулықты сақтау үшін әйелге қажет 7 кеңес

30 қаралу саны

1.Дұрыс тамақтану.

Тәттілер, сүт және көкөніс.

Әйел табиғаты ер адамның табиғатынан өзгеше. Ол өзінің әйелдік қасиеттерін жоғалтпауы керек, сонда ғана шынайы бақытты бола алады. Оған тәттілерден мүлде бас тартуға болмайды. Психолог Г.Торсуновқа сенсек, тәтті тағамдар әйелдің гормондық жүйесін қалыпқа келтіреді, көңіл күйі мен жалпы жағдайын жақсартады, қанағаттану сезімін сыйлайды. Әрине, бұл майлы торт пен тоқаштарды тежеусіз жей бер деген сөз емес. Дұрысы банан, мейіз және табиғи өнімдерден әзірленген тәттілер. Және есте сақтайтын бір жайт, тәттіні түске дейін жеу керек. Әйелдерге сондай-ақ сүт өнімдерін көбірек тұтынған жөн, өйткені олар қуат береді және қалыпты гормондық фонды демеп отырады. Әйелдерге көкөністер де пайдалы. Ал ұннан даярланған өнімдер мен етті шектеген жөн.   

2. Ұйқыны қандыру.

Бүгінгі қызу тіршілік қамындағы адамдардың ерте жатуы қиын. Алайда, түннің бірінші жартысында (шамамен он екі жарымға  дейін) әйел гормондары өндіріледі. Сондықтан кешкі 22-00-ден кеш жатпаңыз, дұрысы – 21.00. Ерте жатып, әбден тыныққан организм мазасыздықтан арылады, жүйкесі жақсарады. Ал таңертең 6.00-ге дейін тұрған дұрыс.

3. Әйелдің киімі: шалбар ма, белдемше ме?

Бүгінде қыз-келіншектердің көбі джинсы киеді. Осы тұста тәндегі қуат ағымы туралы сөз қозғаған жөн:  қысылған жерде қуат тұрып қалады, бос жерде – еркін шығады. Ерлерде тәннің қуаты жоғары қарай жүреді, бұл олардың белсенділігін, ерік-жігерін, іс-әрекетін дамытады. Әйелдерде бәрі керісінше. Жоғарғы киімі денесіне тиіп тұрса, астыңғы киімі бос болуы тиіс. Өйткені әйел қуаты төмен қарай жүреді. Бұл ағым оның бала туу қабілетімен байланысты. Сондықтан аяқты жабу керек, бірақ тырысқан киім киюге болмайды. Бұл гормондық жүйеге де әсер етеді.

4. Жұмысқа дұрыс қарау.

Әйел денсаулығына әсер ететін тағы бір маңызды жайт – оның білімі және жұмысқа деген көзқарасы. Әйел психикасы табиғатынан махаббат үшін жаратылған: оның өмірлік міндеті – сүю, қамқор болу, жылулық пен бақытқа толы отбасын құру. Отбасының бақыты мен саулығы үшін 70 пайыз әйел қуаты қажет. Әйел отбасылық өмірдің үйлесімділігін қалыптастырады.

5. Үй ме, әлеумет пе?

Егер ер адам белсенді, мақсатына жеткіш болса, денсаулығы жақсара түседі. Әйел үшін эмоциялық тұрғыда қанағаттану маңызды. Ел ортасында көп жүру, қоғамдық орындарда жиі болу әйелдің күш-қуатын сарқиды. Ал үйде ол, керісінше, күш жинайды. Сондықтан әйел үшін табиғи орта – оның үйі, отбасы. Оған жерден қуат алу үшін топырақта, құмда, шөпте жалаңаяқ жүру, күнге қарау, құстардың сайрағанын тыңдау, бау-бақшамен айналысу пайдалы. Сонда ол табиғатпен үйлесімде өмір сүреді, денсаулығы жақсарып, мейірімді бола түседі.

6. Жақындарына қамқорлық, өз-өзін күту.

Әйелдің табиғат жүктеген міндеті – өз сұлулығымен әлемді гүлдендіру. Әйел қуаты міндетті түрде сыртқа шығуы керек. Әрекетсіздік, қол қусырып отыру ешкімге бақыт әкелмейді. Сондықтан күш-қуатыңыз бен мейіріңізді жақындарыңызға жұмсаңыз. Ас әзірлеуді де, кір жууды да, үй жинауды махаббатпен жасаңыз. Бұл сізге шынайы бақыт сыйлайды. Әйел күйеуін күтіп-баптағанда, оған қамқор болғанда еркектің күш-қуаты, сенімділігі артып, мансабы жоғарылайды.

7. Әйелдік қасиеттеріңізді дамытыңыз.

Әйелдердің көбіне нәзік жандарға тән күш-қуат жетіспейді. Олардың табиғатына тән дүниелер – қамқор болу, мейірімділік және нәзіктік. Бірақ жұмыста бұл қасиеттер дамымайды. Сондықтан әйелше ойлауды, әйелше киінуді, адамдарға әйелше қарауды үйреніңіз. Сонда жеке өміріңіз қалыпқа келеді, өйткені ер адамдар әйелді оның ақша тауып, басшы болғаны үшін емес, нәзік, сезімтал, мойынсұнғыш, жұмсақ болғаны үшін жақсы көреді.

Дереккөз: «Денсаулық» журналы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған