ДДСҰ: COVID-19 таралуы ауа райының өзгеруімен байланысты емес

145 қаралу саны

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 таралуының маусымдық сипаты жоқ және ауа райының өзгеруімен де байланысты емес екенін айтты. Вирустың таралуын барлығына белгілі қарапайым ғана шараларды қолданып қана тоқтатуға болады, соның бірі – әлеуметтік қашықтықты сақтау. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтары сайты хабарлайды.

«Вирустың таралуына жыл мезгілі әсер ететініне сенуге әзірге негіз жоқ. Оның адамдар көп жиналатын, физикалық қашықтық сақталмайтын жерде таралатыны белгілі» деді доктор Маргарет Харрис.

ДДСҰ-ға келіп түскен мәліметтерге қарағанда, бүгінде COVID-19 вирусын жұқтырудың 16 301 736 оқиғасы расталып, одан 650 069 адам көз жұмды. Пандемияның ошағы – Солтүстік және Оңтүстік Америка, онда 8,7 млн оқиға тіркелді. Екінші орында Еуропа – 3,2 млн, одан кейін Оңтүстік-Шығыс Азия (1,8 млн), Шығыс Жерорта теңізі (1,5 млн), Африка – 712 920 және Батыс Тынық мұхиты аймағы 291 993 тұр.

Маргарет Харрис Женевада өткен баспасөз конференциясы кезінде COVID-19 вирусының маусымдық сипатқа ие деген пікірді жоққа шығарды. «Мысалы, қазіргі кезде жаз мезгілі болып жатқан АҚШ-та індет өршіп тұр, ауру жұқтырудың ең көп оқиғасы сонда тіркелген» деді Харрис.

Оның айтуынша, қыс түскен оңтүстік жарты шарда «қызық» жағдай қалыптасқан: онда маусымдық тұмау емес, COVID жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркелген. «Сондықтан Оңтүстік жарты шарда тұмау кешірек басталады деп ойлаймыз. Климаты бірқалыпты елдерде тұмау вирусы «маусымаралық» жағдайға оралған» деді Харрис.

Егер елдерге бір уақытта екі вирус – COVID-19 және тұмаумен күрес жүргізу керек болса, жағдайдың қалай қалыптасатынын болжап айту әзірге қиын. «Респираторлық ауру деңгейі жоғары жерде екіншісі тарала бастаса, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түседі» деп толықтырды Маргарет Харрис.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған