Дәрі-дәрмекпен қамту бойынша 10 жылдық келісімшартқа жарияланған конкурсқа 37 компания қатысуда

149 қаралу саны

«СҚ-Фармация» компаниясы жариялаған 10 жылдық келісімшарт конкурсына еліміздің 37 компаниясы өтінім берді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Конкурс ашық өтуі үшін өтінімдер қоржынын тікелей көрсетілім арқылы онлайн режимде, көптің көзінше аштық. Үміткерлер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізбе бойынша 116 түрлі емдік құрал мен 1543 медициналық бұйым түрін жеткізу құқығын беретін конкурсқа түсіп жатыр. Аталған бұйымдар ішінде жеке қорғаныс құралдары, медциналық маскалар,  COVID-19 инфекциясын анықтайтын тест жүйелері де бар. Конкурс Бірыңғай дистрибьютердің базасында өтеді. Оның нәтижесін кейін sk-pharmacy.kz сілтемесінен білуге болады» деп жазады акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.

Конкурсқа жауапты мекеме өкілдері үміткерлердің саны бұдан да көп болғанын айтады. Бірақ, құжатты талапқа сай өткізбегендер бірінші кезеңге шыға алмаған көрінеді. Құжаттарын кешігіп өткізгендер де тізімнен шет қалған екен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырдағы сөзінде сатып алу шараларын отандық өндірушілерді қолдап, экономиканы қалпына келтірудің тетігі ретінде пайдалануды тапсырды. Пандемия халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысын өздігімізден қамти алудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Біз ұлттың саулығына келгенде экспортқа тәуелді болмауымыз керек» дейді компанияның басқарма төрағасы Берік Шәріп. 

Іріктелген 37 компания енді дәрі-дәрмек өндірісін жаңғыртуға және жаңадан салуға арналған бизнес-жобаларын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарауына жібереді. Аталған ведомствоның нұсқауымен үміткерлерге жобасын қайта нақтылауға мүмкіндік берілмек. Сол бойынша келесі кезеңге өткен компаниялар өзара бәсекеге түсіп, мейлінше жеңіл баға ұсынуы керек болады.

«Ол  тізімді анықтайтын комиссияның құрамына Денсаулық сақтау министрлігінің, «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтардың, «СҚ-Фармация» АҚ-ның өкілдері кірді. Процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін мониторингтік топтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері де тартылады» деп жазылған ресми мәліметте.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған