Бір орында отырып жұмыс істеу: денсаулықты сақтауға арналған 5 кеңес

29 қаралу саны

Бір орында отырып жұмыс істеудің денсаулыққа кері әсер ететіні құпия емес: омыртқа қисаяды, мойынның қан тамырлары білеуленеді, бұл орталық жүйке жүйесінің әртүрлі ауруларына алып келеді.

Ең дұрысы, өзімізге қосымша уақыт бөлу керек – жаттығу залына, бассейнге бару, массаж алу.

«Бір орында отырып жұмыс істеудің салдарын болдырмау үшін спорттық рекорд орнату немесе жарақат алатын және шаршататын спорт түрлерін таңдау қажет емес. Бірақ кеңседе жасауға болатын күнделікті жеңіл гимнастика туралы ұмытпау керек. Бұлшық еттерді дамытуға көмектесетін көптеген жаттығулар бар» дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева.

  1. Бір сағат сайын буындарды жазып, денедегі қан айналымын жақсарту үшін жұмыс орнынан тұрыңыз. Тіпті алғашқы кезде оятқыш қойып, сол бойынша аздап керіліп-созылуға болады, сонымен бірге ағзадағы сұйықтықты толтыру керек. Мысалы, кулерге дейін және кері қарай жүріңіз.
  2. Егер жұмыс көп болып, көңіл бөлу мүмкін болмаса, тура жұмыс орнында жеңіл жаттығу жасаңыз: басты еңкейтіп, иықты айналдыру, аяқты сәл көтеріп, бірнеше рет айналдырып қозғалтыңыз.
  3. Кешке қарай жұмыс үстелінде ыңғайсыз күйде ұзақ уақыт отырғаннан арқа ауыруы мүмкін. Жұмыста үзіліс кезінде қабырғаға жақындап, арқаңызбен сүйеніп тұрыңыз. Кем дегенде екі минут.
  4. Белдің ауыруын жеңілдету үшін орындықты үстелден жылжытып қойыңыз да, отырған бойы аяқты созып, соған қарай тартылыңыз. Осы жаттығу кезінде бүкіл денені, әсіресе, мойынды бос ұстауға тырысыңыз. Сонымен қатар мүмкіндігінше бұралып, иіліңіз.
  5. Кеңседе ғана емес, күнделікті өмірде де көбірек қозғалыс жасауға тырысыңыз. Лифттің орнына баспалдақпен жүріңіз, көлікті кеңседен алыс қойыңыз немесе жаяу жүру үшін автобустан аялдамаға жетпей, бұрынырақ түсіп қалыңыз.

Дереккөз: ҚДСҰО баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған