Баспана алу бағытында жиі қойылатын сұрақтар: «Отбасы банкі» мен кезекке тұру тәртібі

23 қаралу саны

1. Қазақстанда қазіргі уақытта әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін мемлекеттік баспана алудың қандай бағдарламалары бар? Баспанаға мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз ету 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы және жергілікті деңгейде қабылданған бағдарламалар аясында іске асырылуда.

2. Қандай санатқа жататын азаматтар ол бағдарламалармен баспана ала алады және оларға қандай үйлер беріледі? Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары тұрғындарға арналған қолжетімді баспана салуға бағытталған. Сатып алу құқығынсыз коммуналдық жалға берілетін баспана мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ ірі мегаполистерде жұмыс істейтін жастар сияқты әлеуметтік әлсіз топтарға арнап салынады. Тұрғындардың өзге де санаттары үшін ипотека, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және үлестік құрылыс сияқты механизмдер арқылы кредиттік баспана ұсынылады. Азаматтарға жаңадан салынған үйлерден де, нарықтан да баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік баспана құрылысы республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға қайтарымсыз мақсатты трансферттер бөлу арқылы қаржыландырылады. Әлеуметтік кредиттік баспана құрылысы үшін жергілікті атқарушы органдар облигациялар шығару арқылы қарыз алады және 1 шаршы метрін 140 000 – 240 000 теңге көлемінде белгіленген бағамен сату есебінен «револьверлік» қағидаты бойынша қаржыны айналымға салады. Оған қоса, мемлекет қосалқы шаралар арқылы жеке құрылыс салушылар мен тұрғындарды баспана салуға ынталандырып, құрылыс жүргізілетін аудандарға коммуникациялар тартып береді.

3. Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамада ең алдымен баспанаға мұқтаж азаматтардың есебіне қоюға қатысты нормалар қарастырылған. Ол кезекке қою үшін тиісті елдімекенде тұруы, ал республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде үш жыл тұруы шарт. Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспаналар келесі санаттарға жататын Қазақстан Республикасының баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарына беріледі:

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;
  • жетім балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналарға, сондай-ақ І және ІІ деңгейдегі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандарға, көпбалалы отбасыларға. Аталған санаттағы азаматтардың орташа айлық жиынтық кірісі баспана беру туралы өтінім жасар алдындағы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшерінен аз болуы тиіс;
  • орташа айлық жиынтық кірісі баспана беру туралы өтінім жасар алдындағы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшерінен аз әлеуметтік әлсіз топтарға. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшері коэффициенті жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедек балаларға таралмайды.
  • мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке үміткерлерге, ғарышкерлерге және мемлекеттік сайланбалы қызметті атқарып жүрген тұлғаларға;
  •  жалғыз баспанасы ҚР заңнамасында бекітілген тәртіппен апаттық деп танылған азаматтарға.

4. Мемлекеттік баспана қандай шарттармен жеке меншікке және сатып алу құқығынсыз беріледі? «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 74 бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспана аталған Заңның 98-1 бабында қарастырылған жағдайларды қоспағанда, мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға тізіммен бекітілген кезегіне сай барлық қажетті құжаттармен бірге өтінім өткізгеннен кейін беріледі.

5. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 97 бабының 1 тармағына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін баспана үшін төлемақы мөлшерін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесіне сай белгілейді. Егер, әрине, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге жағдайлар қарастырылмаса. Аталған әдістемеге сәйкес, есептеу кезінде баспананың жалпы ауданының бір шаршы метрі құрылысының (сатып алу кезіндегі) құны және ғимараттың қызмет етуінің есептік мерзімі (жыл) сияқты көрсеткіштер қолданылады. Мысалы, 1 ш/м құрылысының құны 140/180 мың теңге және ғимараттың қызмет ету мерзімі 50 жыл болса, жалдау ақысы 1 ш/м үшін айына тиісінше 233/300 теңге болады.

6. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алған баспананы алуда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ І және ІІ деңгейдегі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар, көпбалалы отбасылар бірінші кезекте алуға құқылы. Заң негізінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілуіне қарай және коммуналдық тұрғын үй қорында бос баспана болған жағдайда, кезектегі тізімге сәйкес санаттар бойынша беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудың жалпы тәртібі төмендегідей:

  • қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке немесе онлайн өткізу;
  • 30 күнтізбелік күн ішінде хабарлама алып, кезекті қадағалап отыру (егер құжаттардың барлығы дұрыс болса);
  • тұрғын үй комиссиясының құжаттарды қарауы және шешімін беруі;
  •  келісімшарт жасасып, баспана алу.

Дереккөз: ҚР Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі  жауабы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған