Бас дәрігер елордадағы №1 аурухананың жұмысын бейнежазбаға түсіріп көрсетті

103 қаралу саны

Нұр-Сұлтан қаласының емдеу мекемелерінде қатаң санитарлық талаптар сақталуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Бүгін №1 қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Абдуов провизорлық стационарға видеоэкскурсия жасап, аталған медициналық ұйымда науқастарды қалай қабылдайтынын көрсетті.

«Бүгін, 20 маусымда, мен шұғыл қабылдау бөлімінде тұрмын. № 2 пост немесе коронавирус инфекциясының белгілері бар науқастар түсетін провизорлық бекет. Бұл бекет инфекцияның таралуына жол бермеудің алдын алу үшін құрылды» деді М.Абдуов.  Бас дәрігер әрі қарай тіркеу бөліміне барды. 

«Мына жерде тіркеу және науқастарды медициналық сұрыптау жүргізіледі, яғни оның ауырлық жағдайы, егер науқас «ауыр жағдайда» және оған шұғыл медициналық көмек керек болса, жансақтау бөлімі жіберіледі немесе көмек қарқынды терапия бөлімінде көрсетіледі» деп жалғастырды ол. Келесі болып оқшаулау ғимаратын көрсетті. 

«Мұнда коронавирус инфекциясына ПТР-тест жасау үшін мұрыннан жағынды алынып, барлық талдаулар электронды базаға енгізіледі. Сосын науқас оқшаулау бөліміне жатқызылады. Біздегі палаталар 3-4 орынға есептелген» деді №1 қалалық аурухананың бас дәрігері. Эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты қаланың ауруханаларында науқастардың саны көбейді.

«Дәрігерлер барлық науқастарға қажетті медициналық көмекті толық көлемде көрсетіп жатыр», – деді ауруханада. Бұған дейін хабарланғандай, 20-21 маусымда Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктерінің жұмысы және қала тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар, дәріханалар мен үйдің ауласындағы азық-түлік дүкендерінен басқа ұйымдардың жұмысы тоқтатылады (жұмыс кестесі 10.00-17.00 аралығанда).

Сондай-ақ барлық қоғамдық орындар: саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар, жағажайлар мен басқа да адам көп жиналатын жерлер жабық болады. Нұр-Сұлтанда ауқымды дезинфекциялау жұмысы жүріп жатыр. Залалсыздандырумен адам көп жүретін жерлердің барлығы қамтылды. Дезинфекцияны мамандар жаяу жүріп және арнайы техниканың көмегімен жасап жатыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған