Балаларды кибербуллингтен қалай қорғаймыз?

47 қаралу саны

KZ-CERT қызметі азаматтарды интернетте қорғау жөнінде оқушылар мен ата-аналарға тұрақты негізде ұсынымдар береді.

Ең алдымен балаға қауіпті ақпаратты іріктеу мен бақылауға көмектесетін бағдарламалық жасақтаманы пайдалану қажет. Браузердің баптауларында баланың интернетті пайдалануын бақылауға көмектесетін «ата-аналық бақылау» функционалын пайдалану керек.

Егер әлеуметтік желілердің бірінде (Vk.com, Instagram, TikTok т.б.) балаңыздың аккаунты болса, оның қатысушылары өз профильдері мен блогтарында орналастырған ақпаратты, оның ішінде суреттер мен бейнелерді мұқият зерттеңіз. Балаңыздың әлеуметтік сервисі қандай сайттарымен байланысты екенін тексеріңіз. Сіздің балаңыздың парақшалары қауіпсіз болуы мүмкін, дегенмен оларда қауіпті сайттарға сілтемелер болуы ықтимал.

Балаңызға әлеуметтік желіде немесе интернет қолжетімді құрылғыларда болуы ықтимал келеңсіз жағдайлар туралы хабарлау қажеттігін түсіндіріңіз. Балаңыздың желідегі өмірін тексеріңіз. Оның интернеттегі достары кім екенін анықтап, достарының тізімін тексеріңіз.

Балалардың жеке пошта ашуына жол бермеу үшін отбасылық электрондық жәшік ашыңыз. Балалардың интернетті пайдалану қағидаларын жасап, оны орындауды талап етіңіз. Компьютерде жұмыс істеген кезде баланы бақылаңыз, өзіңіздің оның қауіпсіздігіне алаңдайтыныңызды және әрдайым көмек көрсетуге дайын екеніңізді көрсетіңіз.

Интернетке қосылатын компьютер ата-аналардың бақылауында ортақ бөлмеде болуы керек. Балаларды өз рұқсатыңызбен ғана бағдарлама жүктеуге үйретіңіз. Олардың абайсызда вирусты немесе басқа да жағымсыз бағдарламалық жасақтаманы жүктеуі мүмкін екенін түсіндіріңіз. Стандартты ата-аналық бақылауға қосымша ретінде жағымсыз контентті бұғаттау құралдарын пайдаланыңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған