Балалар тегін стоматологиялық көмекті қалай алады?

116 қаралу саны

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілуіне байланысты біздің елімізде 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Өйткені, жас қазақстандықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет  жарна төлейтін 15 жеңілдік санатының біріне енеді.

18 жасқа дейінгі балалар амбулатория деңгейіндегі стоматологиялық көмекті сақтандыру пакеті арқылы ала алады. Олар: тісті жансыздандыру, пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен периодонтитті емдеу, гипоплазия мен флюороз салдарынан анатомиялық пішіні бұзылған тісті толық қалпына келтіру сынды тағы да басқа қызметтерді пайдалана алады. Сонымен қатар, тісті жұлдыру, тіл мен ерін жүгеншігіндегі ақауды жою, жақты рентгенге түсіру, анестезия сынды қызметтер де осы пакет шеңберінде көрсетіледі.

Ал, шұғыл стоматологиялық көмек бұрынғыша мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қалдырылды. Шұғыл көмекке 18 жасқа дейінгі балалар жүгіне алады. Мысалы, хирургтің қабылдауы, тісті жұлу, абсцесті ашып тазарту, одонтегенді ісікті кесіп алып тастау, альвеолитті емдеу, тіс тамыры невритін емдеу, ауыз қуысындағы жұмсақ тіндерді кесіп алып тастау, жақ-бет сүйегіндегі жараларды емдеу тағы басқа қызметтердің бәрі тегін. Сондай-ақ, жақ-бет сүйегі ақауымен туған нәрестелерге арналған ортодонтиялық көмек түрлері де мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетіледі. Тағы бір айта кетер жайт, үстіміздегі жылдан бастап МӘМС жүйесі пациенттің стоматологиялық клиниканы таңдауына да мүмкіндік беріп отыр.

Қосымша ақпарат алу үшін Медициналық сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына 1406 нөміріне хабарласуға болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған