Ауыл шаруашылығын қолдау қоры: Кәсіпкерлерге 4-6 пайызбен несие берілуде

84 қаралу саны

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017-жылдан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асырып келеді. Биылдың өзінде мыңнан астам кәсіпкер несие алып үлгерді.

СҚО Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын тігін цехі бар жеке кәсіпкер Бақыт Сейілова киім қысқартудан бастап мектеп формасына дейін тігеді. 2010 жылдан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары арқылы бизнесін кеңейткен.

«Қазір еңбек етемін деген адамға мемлекет қолдау көрсетеді. Оны тек тиімді пайдалану керек. Мен осы кәсіппен айналысқалы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан төрт рет несие алдым. Соның арқасында тігін цехімді кеңейттім, айналым капиталымды толықтырдым. Жұмысым ойдағыдай жүріп жатыр» дейді кәсіпкер Бақыт Сейілова.

Осы ауылда тұратын жеке кәсіпкер Кеңес Кукиев жылқы шаруашылығымен айналысады. Ол да 2014 және 2019 жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының СҚО филиалынан екі рет несие алып, шаруашылығын одан әрі дамытқан. Бүгінгі таңда отыз бие сауып отырған кәсіпкер қымыз дайындап сатады.

Солтүстік Қазақстан облысы – мал шаруашылығына қолайлы аймақ. Жері кең, шөбі шүйгін, суы мөлдір. Сондықтан болар, Қордан несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде жылқы өсіруді қолға алған шаруалар көп.

«Биыл біздің филиалға «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2,28 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі таңда оның 1 млрд теңгеден астамы игеріліп, 286 жоба қаржыландырылды. Жалпы, биыл жыл соңына дейін 529 кәсіпкерге несие беруді жоспарлап отырмыз» дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚО филиалының директоры Абылай Нұркенов.

Қор өзінің несие өнімдері арқылы ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар. 4-6-12 млн теңгеге дейінгі несие 6,5 жылға 6 процентпен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшері 6,7 проценттен аспайды.

Айта кету керек, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелеріне 4 процентпен берілетін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшері 4,7 проценттен аспайды. Бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі де қарастырылған.


Дереккөз: ҚР АШМ сайты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған