Артериялық гипертониияны, жүректің ишемиялық ауруын және қант диабетін анықтауға арналған скрининг

113 қаралу саны

Қазақстан 2008 жылдан бастап көптеген елдердің қатарында негізгі инфекциялық емес ауруларды, қан айналымы жүйесінің ауруларын және қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулерді енгізді. Бұл аурулар ұзақ уақытқа созылады және басқаруға болатын биологиялық және мінез-құлықтық факторлардың әсер етуінің нәтижесі болып табылады.
Бүкіл дүниежүзі ауруларды ерте анықтаудың негізін құрайтын принциптердің бірі скринингтік тексерулер болып табылады деген жалғыз пікірді ұстанады.

Қандай адамдар тексерулерден өте алады?

Артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жас аралығындағы әйел мен ер адамдар.

Тексерулер неден тұрады?

Тексерулер 2 сатыдан тұрады.

Бірінші саты орта буынды медицина қызметкерімен жүргізіледі және оған мыналар кіреді:

• антропометрлік өлшеулер (бой, салмақ, бел өлшемін) жүргізу, Кетле индексін (дене салмағы индексін) анықтау;

• сауалнама бойынша сұрақтар қою;

• отырған кезде арасында 1-2 минут өткізіп, екі рет артериялық қан қысымын өлшеу;
• жалпы холестеринді және қан глюкозасын экспресс-диагностикалау.

Екінші саты БМСК дәрігерімен жүргізіледі, ол жүрек-қан тамыры ауруларының қауіп-қатерін анықтау үшін SCORE шкаласын қолданып, оның нәтижелері бойынша тексерілетін адамды ары қарай бақылауға байланысты шешім қабылдайды.

SCORE шкаласы – соңғы 10 жыл ішінде жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлім қауіп-қатерінің есебі, оған мынандай деректер кіреді: жыныс, жас, темекі шегу/шекпеу, систоликалық артериялық қан қысымының көрсеткіштері, жалпы холестерин көрсеткіштері.

Шкала бойынша мынандай 3 қауіп-қатер деңгейі анықталады:

• жүрек-қан тамыры ауруларының қауіп-қатері төмен (SCORE шкаласы бойынша 1%-ға дейін) – мұндай қауіп-қатер деңгейін сақтау үшін салауатты өмір салтын ұстану ұсынылады, келесі тексеру 2 жылдан соң жүргізіледі;
• жүрек-қан тамыры аурулары қауіп-қатері орташа (SCORE шкаласы бойынша 1%-дан бастап 5%-ға дейін) – жүрек-қан тамыры ауруларының қауіп-қатерін азайту немесе тұрақтандыру үшін ауру түрі бойынша  артериялық гипертониясы, жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға арналған Денсаулық мектебіне  жібереді;

• жүрек-қан тамыры аурулары қауіп-қатері жоғары және өте жоғары (SCORE шкаласы бойынша 5%-дан астам) – электрокардиография жүргізіледі, оның көрсеткіштері бойынша кардиологқа жібереді. Пациентте қан айналымы жүйесінің аурулары анықталған жағдайда дәрігер оны динамикалық бақылауға алады.

Нормадан ауытқу анықталған кезде не істеу керек?

Электрокардиограммада өзгерістер байқалса, холестерин 5,0 ммоль/л деңгейінен асатын болса, артериялық қан қысымы сынап бағанынан 140/90 мм. жоғары болса және жүрек жиырылуының жиілігі нормадан ауытқыса, тексерілетін адам кардиологқа жіберіледі.

Қан глюкозасының жоғары деңгейі (7,0 ммоль/л деңгейінен жоғары) анықталған жағдайда консультация алу үшін пациентті тұрғылықты орны бойынша учаскелік терапевтке/жалпы практика дәрігеріне жібереді, қант диабетінің клиникалық белгілері (шөлдеу, полиурия, әлсіздік, көрудің нашарлауы) байқалса, дене салмағының индексі 25-ті көрсетсе, пациентті эндокринологқа жібереді.

Кардиолог, эндокринолог диагностикалау және емдеу хаттамалары бойынша тексеруді жалғастырады.

Аталған аурулардың асқынбауы үшін не істеу керек?

Жүрек-қан тамыры ауруларының, қант диабетінің және олардың асқынуларын болдырмау үшін мынандай 7 ережені орындаңыз:

1. Өзіңіздің атериялық қан қысымыңызды тексеріп тұрыңыз

2. Холестерин деңгейін қадағалаңыз

3. Қандағы қант деңгейін бақылаңыз

4. Дұрыс тамақтаныңыз, бұл салмақты қадағалауға көмектеседі

5. Дене жаттығуларын жасаңыз: аз жасасаңыз да, бұл тіптен ештеңе жасамағаннан артық

6. Темекі шекпеңіз, ал егер темекі шегетін болсаңыз, бұл қаншалықты қиын болып көрінсе де, оны тастауға тырысыңыз

7. Ұзақ стресстен аулақ болыңыз.

Дереккөз: ҰҚДСО сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған