Антибиотиктер: Бірінші аңыз бен ақиқат

76 қаралу саны

Адамдар арасында қымбат антибиотикпен салыстырғанда, препараттың арзан аналогы ағзаға әсер етпейді, өйткені оның сапасы төмен деген түсінік бар.

Бұл бұрыс пікір!

Мәселенің мәнін бірге түсінуге тырысайық.

Антибиотиктің аналогы мен дженерик – бұл түпнұсқа препараттың кәдімгі көшірмесі.

Түпнұсқа мен дженериктің пакетіндегі белсенді заттардың әсері бірдей. Айырмашылығы сол, дженериктің құрамы мен өндіріс технологиясында қосымша заттар болуы мүмкін. Жалпы, дженерик қуаты жағынан қымбат дәрі-дәрмектен еш кем емес.

Ендеше дженериктің бағасы неге арзан?

Себебі, түпнұсқа препарат ұзақ зерттеуден, сан сынақтан өтеді, содан кейін барып патент беріледі. Патенттің мерзімі шектеулі. Оның жарамдылық уақыты аяқталған соң, өзге фармацевтикалық компаниялар басқа атаумен ұқсас дәрі-дәрмек өндіре алады. Яғни, препараттың көшірмесін жасайтын зауыттар көп шығын шығармайды, клиникаға дейінгі және клиникалық қымбат зерттеулерден өтпейді, сондықтан дженериктің құны арзан болады. Басқаша айтқанда, фармацевтикалық компаниялар «дайын рецептпен» жұмыс істейді.

Алайда, кез келген препаратты қабылдамас бұрын қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:

  • Өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз;
  • Дәрі-дәрмекті қолданар алдында дәрігермен кеңесіңіз;
  • Емдеуші дәрігер аналог пен дженерик бойынша да бағыт-бағдар береді;
  • Есіңізде болсын, антибиотик тек рецепт бойынша беріледі.

Осы ережені сақтағанда ғана сіз сапалы және тиімді ем аласыз.

Қазақстанда тіркелген әрбір дәрі-дәрмектің (аналогы немесе дженерик) халықаралық талаптарға сәйкес сертификаты бар.

ҚР-ға сырттан келген және елімізде өндірілген барлық дәрі-дәрмекке көп кезеңді сараптама жүргізіледі, препараттар содан кейін ғана дәріхана сөрелеріне түседі.

Сондай-ақ, ҰДЗСО ҚР-да тіркелген дәрілік заттардың жанама әсеріне тұрақты мониторинг жүргізеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған