Алмаз Шарман: COVID-19 тек өкпенің ғана ауруы емес

26 қаралу саны

Әлем жарты жылдан астам уақытта коронавирус індеті кезіндегі шектеумен өмір сүріп үйреніп қалды. Осы уақыт аралығында бұл ауру жай ғана тұмау еместігіне көз жетті. Осыған байланысты медицина профессоры Алмаз Шарманның көпшіліктің сауалына жауап саналатын бірқатар ұсынысын жариялауды жөн көрдік.

– Коронавирус осы уақытқа дейін белгілі болған вирустардан анағұрлым қауіпті екені белгілі болды. Десек те, оны жай ғана тұмаумен теңеп жүрген адамдар баршылық. Ғаламдық дәрежеде қандай сақтық шараларын ұстану маңызды?

– Тұмау вирусы мезгіліне қарай шығатын болса, COVID-19 маусымдық ауруға жатпайды. Алайда күннің суықтығына байланысты адамдардың көпшілігі жабық ғимаратта уақыт өткізетін болады. Осыған байланысты адамзат қос эпидемияға бір мезетте тап болуы мүмкін. Мұны әлемдік елдердің географиялық ахуалынан байқауға болады. Мәселен, грипп вирусы ғаламшарда түрлі климаттық жағдайға бейімделіп жүре береді. Солтүстік жартышардағы мемлекеттерде Тайвань, Жапония, Катар елдерінде тұмау жылдағыдан аз тіркелгені байқалды. Сарапшылардың көпшілігі бұл COVID-19-ға қарсы қорғаныс шараларының күшейтілгенінің нәтижесі деп қорытындылап отыр. Нақтырақ айтқанда, маска, қашықтық сақтау, мектептердің жабылуы тұмаудың таралуына да кедергі болды. Ал Аргентина, Чили, Жаңа Зеландия сияқты оңтүстік жарты шардағы мемлекеттерде күз-қыс маусымы өтіп кетті. Оларда да тұмау ауруының таралуы өте төмен болып отыр. Аустралияда тұмау ауруы былтырғымен салыстырғанда 90 пайызға төмен болған. Грипп эпидемиясы солтүстік жарты шар мемлекеттерінен оңтүстік жарты шар мемлекеттеріне тарала алмады. Эпидемиологиялық шаралар оған тосқауыл болды. Сондықтан, биылғы қос эпидемиядан сақтанудың бірден-бір сенімді тәсілі шектеу шаралары болып отыр. Эпидемияға қарсы күрестің тағы бір тәсілі – тестілеудің қолжетімділігі. Бұл медициналық мамандар қай инфекциямен күресіп жатқанын білу үшін керек. Бұл екі инфекция түрлі емдеу тактикасын талап етеді. Мәселен, дексаметазон деген гормоналды препарат COVID-19 пациенттеріне шипалы болғанмен, тұмаумен ауырып жатқандар үшін қауіпті. COVID-19 болған кезде азаматтарға шектеу шаралары керек. Жай тұмау болған жағдайда ол адамға шектеу шаралары қажет емес. Диагностикалық қателесуден COVID-19 науқастары өзін өзі шектемесе, көп адамға жұқтыруы мүмкін.

– Коронавирустың әлемдік медицина қауымдастығын тығырыққа тірегені рас. Бұрын оны тек өкпенің дерті деп емдесе, қазір тұтас ағзаның дерті деп қарастыруға бола ма? Емдеу тактикасында қандай жаңашылдықтар бар?

– Бұған дейін коронавирус өкпенің ғана дерті саналып келген. Вирус ауыз мұрын қуысынан тікелей өкпеге өтеді деп саналды. Алайда, қазір медициналық қауымдастық өте қауіпті вируспен бетпе-бет келгенін түсінді. Вирус ауыз мұрын қуысынан тек қана өтеді де тамырдың ішкі қабырғасына орнайды екен. Яғни, бұл тамыр ауруы, өкпенің емес. Ол кез-келген тамырмен қан жеткізілетін органды зақымдай алады. Дерттен қайтыс болған адамдардың тамырларын микроскоппен тексерген кезде көптеген ұйыған қанды көруге болады. Түрлі органдарда тромб болады. Атап айтқанда өкпе, бүйрек, жүрек, ми тамырларында тромбоз жиі кездеседі. Адамның өкпесі фильтр сияқты оттегін тасымалдайтын ұсақ тамырлармен көмкерілген. Өкпенің альвеолдары қабынған кезде рентген кезінде бұлыңғыр әйнек сияқты сурет болады. Ал адамның бүйрегі де тамырлардың жиынтығы, осы жиынтық арқылы адамның зәрі сүзіледі. Тамырлардың әлсіреуінен фильтр қызметі бұзылып, ағза уланады. Бұл механизм майда тамырлармен торланған ішекке де қатысты десек болады. COVID-19 іштің диареясына әкелуі әбден мүмкін. Бұл симптом жиі кездеседі. Мидың тамырлары бітелсе, дезориентация, дәм сезу нашарлауы, микроинсульт болуы ғажап емес. Вирус адамның бұлшықетіне тікелей әсер етпейді. Ол бұлшықетке қан жеткізетін тамырларды зақымдайды. Сондықтан бұлшықет жиі ауырады. Әсіресе, вирусқа шалдыққан балалардың терісінің қошқылданатыны да содан. Бұған дейін дәрігерлер КВИ деген кезде қандағы оттегі көлемін ғана негізгі көрсеткіш деп алатын. Қазір мамандар вирустың тұтас органдарды зақымдай алатынын түсінді. COVID-19 – тек алқынып, ауа жетпеу, жөтел ғана емес. Ол кейін де ұзаққа созылатын жүрек, бүйрек, ішек, мидың патологиясы екені белгілі болды. Осыдан кейін неге COVID-19 созылмалы ауруы бар адамдарда ауыр өтетіні анықталды. Оның ішінде қант диабеті ауруы бар адамдарда тамырлары әу бастан сау емес болғандықтан ауру өте ауыр өтеді. Осы зерттеулердің арқасында медицина қауымдастығы қан тамырларына қатысты терапияны сәтті қолдана бастады.

– Вирустан жазылған адамдардың денсаулығы біразға дейін сыр беріп жатады деп е естідік. Орта есеппен адам қанша уақытта адам қалпына келе алады?

– COVID-19 ауырып жазылған адамдар біразға дейін демікпе, әлсіздік, бас ауруы, ұйқының бұзылуы сияқты симптомдар мазалайтынын айтады. Көпшілігі осы симптомдар кейде жоғалса, аздан кейін қайта пайда болатынын айтқан. Олардың көпшілігі – бұрын дені сау болған адамдар. Ал COVID-19-дан соң ол адамдар бір ай, бірнеше аптадан соң да төсектен тұра алмай жатып қалады. Негізінде суық тиюден адам 1 аптада-ақ қалпына келеді. Ал COVID-19-бен ауырған пациенттердің 30 пайыздан астамы бірнеше айдан кейін ғана қалпына келе бастайды. Зерттеуге сәйкес, олардың тек өкпесі ғана емес, сәл қозғалса алқыну пайда болады, жүрегі тез соға бастайды. Кеуде тұсы сырқырап, неврологиялық симптомдар, ой сананың тұмандануы, қол аяқтың ұюы сияқты белгісі болады. Вирус тамырға бойлап ену арқылы жүйке, басқа да жүйелі қабынуға әкеледі. Вируспен күресуі тиіс иммундық жүйе өз клеткаларын шабуылдай бастайды. Бұл құбылыс цитокен штормы деп аталады. Осыдан 100 жыл бұрын жай ғана тұмаудан соң да адамдарда маубастық байқалған. Бұл мидың қабынуы – летаргиялық энцефалит деген атауға ие. Италия медиктері КВИ ауырған 144 пациентті зерттеген. Олардың зерттеуінше, пациенттердің 88 пайызында 1 айдан соң жоқ дегенде 1 симптом қайталанғанын айтқан. 44 пайызы өмір сүру сапасының төмендегенін айтқан. – Оларға тезірек қалпына келу үшін қандай кеңес бересіз? – Олар белсенді өмірге біртіндеп оралуы керек. Ең алдымен көп жүріп-тұру керек. Шаршаған уақытта сәл демалып алуға болады. Көп адамдарда эмоционалдық күйзеліс, жақындары мен өзі үшін қорқыныш пайда болады. Ол үшін алдымен теледидар, әлеуметтік желіні қойып, тек жақын адамдармен араласу керек. Тек жақсы нәрсені ойлау керек. Тамақты байыту керек. Көбірек ақуыз жеу керек. Қышқыл сүт өнімдерін ішкен дұрыс. Оларда ішек жүрісін қалпына келтіретін пайдалы бактерия болады. Сонымен қатар, адамның иммунитетінің күшеюіне Д дәрумені өте көп ықпал ететіні белгілі болды.

– Кеңесіңізге рахмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған