6 пайыздық несие: шағын және орта бизнеске үлкен көмек

156 қаралу саны

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие қандай тәртіпте берілетінін түсіндірді. «Шағын және орта бизнесті қолдау үшін Ұлттық банк бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша қызмет түрлері кеңейтіліп, несиелеу рәсімдері жеңілдетілуде. Қазіргі кезде микробизнесті қолдау – маңызды мәселе. Несиелерге қол жеткізу және кепіл мәселелерін шешу шағын және орта бизнестің, әсіресе микробизнестің дамуының факторы екені анық» деді бүгін Руслан Дәленов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «шағын және микробизнесті шағын кредиттеу» атты жаңа бағыт қосылған. Қаржыландыру субсидиялау есебінен 6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. Бүгінде мұндай несиелер бойынша мөлшерлемелер жоғары. Жаңа бағыт 6% мөлшерлемесі бойынша несие алуға мүмкіндік береді.

«Несиелер айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін және өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін берілетін болады. Қаржыландыру көздері – банктер мен микроқаржы ұйымдарының меншікті қаражаты. Бұл ретте кепіл беру мәселесі шешілуде. «Даму» қоры қарыздың негізгі бөлігінің 85%-на дейін кепілдендіруді қамтамасыз етеді. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді»  деді ол.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған