Әлеуметтік аударымдардан босатылған мекеме қызметкерлері декреттік төлемді толық ала ма?

66 қаралу саны

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік аударымдардан босатылған мекеме қызметкерлеріне декреттік төлемді толық алу жолын түсіндірді.

Төтенше жағдай кезінде қазақстандық шағын және орта бизнес нысандары 2020 жылдың 1 сәуірінен 1 қазанға дейін жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдардан босатылған болатын. Таяуда осындай өзгерістердің салдарынан декреттік төлемін толық ала алмай жүрген келіншектердің наразылығы әлеуметтік желілерде жариялана бастады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезінде әлеуметтік аударымдардан босатылған мекеме қызметкерлеріне декреттік төлемді толық көлемде алу үшін қандай құжаттар қажет екенін хабарлады. Ол үшін декрет демалысына шығатын әйелдер Халыққа қызмет көрсету орталығына әлеуметтік төлемнің тағайындалуына өтініш берген кезде жұмыс берушісінен өзінің табыс көзін растайтын анықтаманы апарса жеткілікті.

Төлемін толық алмай, декрет демалысына шыққандар қайтпек? Ал, декрет демалысына шығып үлгерген, алайда толық көлемде төлемін ала алмаған әйелдер тұрғылықты мекен-жайы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне хабарласуы қажет. Ол үшін жұмыс орнынан өзінің табыс көзін растайтын анықтаманы апарып, әлеуметтік төлемді қайта есептетуге өтініш жазуы тиіс.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері шілде айында декреттік төлемі толық есептелмеген әйелдерге жұмыс берушісінен анықтама әкелу туралы SMS-хат жолданғанын хабарлады. Анықтаманың үлгісі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайтында, «Хабарландыру« бөлімінде жарияланған.\Декреттік төлемді алу үшін қандай құжаттар қажет?Болашақ аналар Халыққа қызмет көрсету орталығына мына құжаттарды тапсырады:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты берілген жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы;
  • Банктерде немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының немесе түзету мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шотының нөмірі туралы құжат;
  • Кірістер туралы анықтама (төтенше жағдай кезінде әлеуметтік аударымдардан босатылған мекемелерде істейтін әйелдер үшін).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған