Қазақстанда дәрі-дәрмектердің шекті бағалары қалай қалыптастырылады?

65 қаралу саны

Бұл сұраққа ҚР ДСМ ҰДЗСО референтті бағаны қалыптастыру басқармасының басшысы, PhD докторы Әсел Жанатбекова жауап береді:

Қазақстанда дәрілік препараттарға қойылатын бағаларды мемлекеттік реттеу 2019 жылғы тамыз айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Дәрілік заттарға бағаларды реттеу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес жүзеге асырылады.

Қағидаларда көтерме және бөлшек саудада өткізуге арналған, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде босатылатын дәрілік заттарға баға қалыптастыру механизмі белгіленген. Бұдан басқа, Қағидаларда бөлшек саудадағы үстеме бағалардың ыңғайлы регрессиялық жүйесі көзделген.

Бүгінгі таңда шамамен 6,5 мың дәрілік зат атауының шекті бағалары бекітілген.

Түсініктеме берсек, дәрінің шекті бағасы дегеніміз – бұл дәрілік заттарды бөлшек және көтерме саудада одан жоғары бағада өткізуге болмайтын уәкілетті орган бекіткен баға. Осы орайда, дистрибьюторларда және дәріханаларда препараттарды шекті құнынан төмен бағада босату құқығы бар.

Осындай шаралар дәрі-дәрмек бағаларының аймақтық және маусымдық ауытқуларына жол бермеуге жағдай жасайды. Шекті бағалар туралы мәліметтер біздің сайтта www.ndda.kz «Бағалар тізілімі» бөлімінде орналастырылған.

Дәрілік заттарды белгіленген шекті бағаларынан асырып өткізу әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 426- бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Дәрілік препараттарға шекті бағалар жылына екі мәрте бекітіледі. Қазақстан аумағындағы дәрілік заттардың шекті бағаларын реттеу өкілеті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелген.

Сонымен қатар, қазақстандықтар DariKz.мобильді қосымшасының көмегімен дәріханалардағы осы немесе өзге препараттың құнын өз бетінше бақылап тексере алады, ал бағалардан алшақтық анықталған жағдайда арнаулы нысанды толтырып, шағым қалдыру мүмкіндігі бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған