Қай жаста неке құрған абзал?

28 қаралу саны

«Отбасы күні» қарсаңында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары осы тақырып төңірегінде әлеуметтік зерттеу жүргізген.

Институт төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың айтуынша, адам өміріндегі басты құндылықтардың бірі отбасы екенін ескерсек, ерте жастағы неке бүгінде қоғам үшін өте ауыр, әрі өзекті проблема болып тұр.

«Ерте жастағы неке бүгінгі қоғам үшін өте үлкен проблема. Статистиканың өзі де ерте жастағы некелердің 90 процентінің болашағы жоқ екенін, арты ажырасуға апарып соғатынын көрсетіп отыр. Осы саладағы сарапшылардың пікірінше, отбасының бұзылуы да көп жағдайда ерте шаңырақ көтергеннен болады. Өйткені, отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайын болмаған бозбалалар мен бойжеткендер өздеріне түскен салмақты көтере алмай қалып жатады» деді Әсем Қайдарова.

Сондай-ақ сарапшы ерте аяғы ауыр болған әйелдердің де кестесін ұсынды. Соған сүйенер болсақ, биылдың өзінде алғашқы жарты жылдықта 15-18 жасында аяғы ауыр болған 3398 жағдай тіркеліпті. Оның 552-сі түсік тастауға жүгінген.

«Зерттеу барысында ерте жастағы некелердің көбі тұрақсыздыққа әкелетінін және арты ажырасуға апарып соқтыратынын анықтадық. Өйткені, екі жас арасында өзара түсініспеушілік туындап, бір-бірін кеш тани бастайды. Сонымен қатар жас келіннің отбасылық рөлі шектеліп, үй шаруасы мен бала тәрбиесінен ары аса алмайды. Ерте жастағы некелердің әртүрлі факторларын зерттеп, Қазақстандағы гендерлік кемсітушілік пен маргиналдықтың деңгейін анықтауға болады» дейді Әйгерім Әшімова.

Жалпы ерте жастағы некелердің себебін зерттеген сарапшылар көп жағдайда жастық максимализмнің әсерінен жастардың отбасын құруға асығатынын айтады. Бұдан бөлек ерте есейіп, отбасылық өмірдің дәмін татуға асығу да жастардың ерте шаңырақ көтеруіне себеп болады екен. Ал қыздар үшін отбасылық жағдайға байланысты әке-шешесінің үйінен кетуге асығуы да ерте тұрмыс құруға апарып соқтыратынын жоққа шығармайды. Осы орайда сарапшылар ерте жастағы некенің зиянды тұстарып тізіп өтіп, солардың қатарына жыныстық жолмен келетін аурулар жайлы білместіктің кесірінен болатын зардаптарды да жатқызды. Сондай-ақ бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөле алмау, әйелдердің ары қарай білімдерін жетілдіре алмауы, содан туатын зорлықтар мен кемсітушіліктер де бар. Осылардың бәрі және алып қашу, аяғы ауыр болып қалу сынды мәселелерден кейінгі мәжбүрлі неке құрудың көбі ажырасуға апарып соқтырады екен.

Сайып келгенде әлеуметтік зерттеуге қатысқан респондендтердің дерлігі неке құру үшін ең оңтайлы жас – 25 және одан жоғары дегенді атап өтті. Яғни, алдымен білім алып, одан кейін мансап құрып, өмірлік тәжірибе алған соң ғана көтерген шаңырақтың баянды болатынын меңзейді. Өз кезегінде ЮНИСЕФ-тің гендерлік саясат бойынша Қырғыз Республикасындағы маманы Нора Сүйінәлиеваның айтуынша, әлемде 12 миллион адам кәмелеттік жасқа жетпей неке құрады екен. Ал оның 4,4 миллионы, тіпті, 15 жасқа жетпей шаңырақ көтереді. Бұл кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жылына орта есеппен 33 мың неке тіркеліп отырады деген сөз.

«Сондықтан, мұндай проблема бүкіл әлемде бар. ЮНИСЕФ-тің анықтамасы бойынша, шаңырақ көтерген екі адамның бірі кәмелеттік жасқа толмаған болса, мұны «Балалар некесі» дейді. Яғни, бізге де әр нәрсені өз атымен атауымыз керек және мұнымен бірлесе күресіп, алдын-алуға міндеттіміз» дейді Нора Сүйінәлиева.

Институттың сарапшылары бойжеткен қыздардың біліміне, жыныстық тәрбиесіне, жалпы жан-жақты дамуына отбасы болып, қоғам және мемлекет болып бірге инвестиция құю қажет деген тоқтамға келеді. Сарапшылар қыздардың білім деңгейін арттырып, ерте жастағы некеден келетін кесапаттар жөнінде, кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің зияндары жайында жан-жақты ақпараттандыру мен үгіт-насихатты күшейту керек деген қорытынды шығарып отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған