Құтырудың алдын алу

49 қаралу саны

Құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдаумен сипатталатын зоонозды топқа жататын өткір жұқпалы ауру. Ауру осы күнге дейін емделмейтін болып қалуда және әрдайым өліммен аяқталады. Бұл жануарлар мен адамдар ауруының ең ертеден келе жатқан ауруларының бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес құтыру әлемнің 111 аймағында тіркеліп, одан жыл сайын 50 мыңнан аса адам қайтыс болып, 1 млн. астам жануарлар өледі.

Халықаралық құтырумен күрес күні 2007 жылдан бастап жыл сайын 28 қыркүйекте атап өтіледі және бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. Дәл сол күні 1895 жылы құтыруға қарсы вакцинаны ойлап тапқандардың бірі француз микробиологы Луи Пастер қайтыс болған. Айта кетерлік жайт, құтырудың алдын алу медицинада ғана емес, сонымен қатар ветеринарияда да маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.

Соңғы 52 жылда (1968 жылдан бастап) Атырау облысы бойынша құтырудан 17 адам қайтыс болған. Инфекция көзі 11 жағдайда иттер, 5 жағдайда жабайы аңдар (түлкі, қасқыр), 1 жағдайда белгісіз жануар болған. Ауырғандардың ішінде медициналық көмекке жүгінбеген 12 адам, медициналық көмекке кеш жүгінген 3 адам және антирабиялық екпе алу кезінде алкоголь ішімдігін пайдалануы салдарынан 2 адам көз жұмды.

Құтырудың соңғы жағдайы 2010 жылы Құрманғазы ауданының Ганюшкин селосында тіркеліп, өзінің иті тістегеннен кейін антирабиялық көмекке жүгінбеген 26 жастағы ер адам ауырған.

Жабайы жануарлар – қасқырлар, қарсақтар, түлкілер және тағы басқалары табиғатта құтыру қоздырғышын тасымалдаушылар болып табылады. Құтырумен үй жануарларынан иттер, мысықтар, ауылшаруашылық жануарлары ауырады.

Құтырған жануарлардың тістеуінен вирус зақымдалған тері және шырышты қабықтар арқылы еніп, жүйке талшықтары арқылы миға түседі де адам құтырумен ауырады. Әсіресе, бетті, басты, қол саусақтарын тістеуі қауіпті. Құтыруда инкубациялық кезең, яғни тістеген (сілекейлеген) кезден ауру пайда болғанға дейін 7 күннен жылға  дейін және одан аса созылады. Денені немесе аяқтың төменгі жақтарын тістеген кезде инкубациялық кезең ұзаққа созылуы мүмкін.

Құтырумен балалар жиі ауырады. Бұл олардың жануарлармен көбірек байланыста болуымен түсіндіріледі.

Құтыру ауруының алдын алу үшін кез-келген жануармен тістелген немесе тырналған адам дереу травматологиялық пункттің дәрігеріне антирабиялық көмекке жүгінуі қажет.  Етқоректі жабайы аңдардың кез-келген жарақатында, басты, қол саусақтарын, көп жерден тістеу орын алғанда антирабиялық вакцинадан басқа арнайы препарат – құтыру вирусына қарсы қорғаныс антиденелері бар антирабиялық гамма-глобулин тағайындалады. Егер егулер уақтылы және дұрыс жүргізілсе, ауру пайда болмайды.

Антирабиялық екпелер адамдарда құтыру ауруы пайда болмастан бұрын ауруға қарсы иммунитетті қалыптастырады.  Құтыруға қарсы екпелер алу кезінде  қуатты және дәрумендерге бай тағамдарды пайдалану, ағзаның шаршауын, суықтауын, қызуын  болдырмау,  спирттік ішімдіктерді қолданбау ұсынылады.

Екпелерді малдәрігерлік қызметкердің жануарды бақылау нәтижесін күтпестен, тістегеннен кейін тез арада бастау қажет. Вирус сыртқы келбеті сау жануарда аурудың клиникалық белгілері пайда болмастан бұрын сілекейімен 10 күн бойына бөлінеді.

Жануарлардың кез-келген ерекше мінез-құлқы (үй жануарларының жанұя мүшелеріне еш ауыртпалық көрсетпегеніне қарамастан шабуылдауы,  елді-мекендерде жабайы жануарлардың, әсіресе күндізгі уақытта жүруі және т.б.)  оларда құтырумен ауруы мүмкіндігі ретінде қарастырылады.

Жануарларда құтырудың алдын алу үшін жануарлардың иелері үй жануарларын ұстау ережелерін қатаң сақтауы керек. Иттер мен мысықтарды сатып алғаннан кейін құтыру ауруына қарсы ектіруі қажет.

Ит иелері оларды үй  ауласында немесе үйшікте мықтап байлауда ұстауы керек. Оларды серуенге тізгінмен және тұмылдырық кигізіп шығару, құтыру ауруының көзі болуы мүмкін болғандықтан, қараусыз, бұралқы иттермен байланысуына жол бермеу қажет. Жануардың мінез-құлқы өзгерген жағдайда, одан бойды аулақ ұстап, тез арада малдәрігерін шақыртқан жөн.

Құтыру – аса ауыр, өлімге әкелетін ауру болғандықтан, бейқамдық танытуға болмайтынын есіңізден шығармаңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған